Бүгінде еңбек нарығында жер асты техникаларына сервистік қызмет көрсету саласы сұранысқа ие. Шыңырауда кен өндіру үдерісінің толықтай жүзеге асуында бұл қызметтің маңыздылығына «Қазақмыс» баса мән беріп отыр. Осы орайда «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС құрамындағы Жезқазғансервис кәсіпорнының Оңтүстік Жезқазған кеніші № 65 шахтадағы сервистік телімі жайында сөз еткенді жөн санадық.
Аталмыш телім басшысының орынбасары Вадим Моцак өндірістегі аталмыш құрылым жайында былайша баяндады:
– Біздің негізгі жұмысымыз тау-кен жабдықтарын жөндеу болып табылады. Ұжымда 65 адам бар. Кен тиейтін, таситын техникалардың сақадай сай болуына тікелей біздің ұжым жауапты. Бір ауысымда 20 техникаға дейін жөндеп үлгереміз. Сервистік қызмет әр шахтада өте маңызды рөл атқарады. Өйткені, техниканың қай түрі болсын сынбай, бұзылмай тұрмайды. Шахта жұмысы тұрып қалмау үшін сервистік қызмет телімі күндіз-түні тынымсыз жұмыс істейді. Мұнда 3 бригада бар. Олардың қай-қайсы болсын өзіне жүктелген міндетті уақытында атқарып келеді.
Бригадир Азамат Бекенеев, электрслесарьлар Марат Ерденов, Виктор Шишалов, Юрий Исайкин, Жамбыл Төлегенов, Жасұлан Ізтлеуов сынды майталмандар саланың дамуына айрықша үлес қосып келеді. Дарқан Сағындықовтың басшылығындағы телім жұмысының алға басуында ұжымның ауызбіршілігі, ынтымақтастығы қолдау болуда. Аға буын кейінгі жастарды осы мамандыққа баулып, білгендерін үйрету дәстүрі берік сақталған. Мен өзім де жас маман болып келгенде ағалардың тәлімін көп көрдім, – деді Вадим Анатолийұлы.
Мен тілдескен Вадим Моцакты бір көрген адам қазақ деп қалуы ғажап емес. Ұлты өзге болса да қазақ тілін бізден кем білмейді. Қазақ тілін таза әрі ашық сөйлеу әдісін қалай меңгергендігін сұрағанымда, ол: – Мектеп жасына дейін, ауылда меңгеріп алғанмын. Араласқан ортамда қазақи болды. Сондықтан қазақ тілін үйрену маған аса қиындық тудырған жоқ. Қазақ жерінде тұрып, оның тілін, дәстүрін сыйлап, құрметтеу кім-кімге болсын парыз деп білемін. Осы құтты мекенде туып, өсіп, суынан нәр алғасын тілін де қадірлеймін, – деді.
Телім электрслесарьлары техниканың жағдайын бақылауда
Вадим Моцак 2010 жылы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС технологиялық колледжін тау-кен электрмеханигі мамандығы бойынша тәмамдаған. Қарағанды техникалық университетінен инженер-электр және энергетик мамандығы бойынша дипломын алды. 2018 жылдан бері «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС құрамында еңбек етіп келеді. Вадим Моцак сервистік қызмет барда техника тоқтамайды деген ұстанымды берік қалыптастырған. Сондықтан ол бұл бағыттағы жұмыстың кен өндірісіндегі маңыздылығын өзінен кейінгі буынға іспен дәлелдеп келеді.
Вадим Анатолийұлы ұжымында білікті маман, іскер ұйымдастырушы болса, отбасында ардақты отағасы, екі баланың арқасүйер әкесі.
Мақалаға арқау болып отырған сервистік телімнің жүйелі жұмысының арқасында ауыр техникалар межелі міндеттерін уақытында орындап, кен өндіруге зор үлес қосуда.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.