Жаздың қызық пен қуанышқа толы үш ай каникулы да өте шықты. Алайда оның әр күні әркімнің есінде мәңгі қаларлықтай болды. Солай емес пе, балалар? Ендеше, біздің белсенді авторларымыз – жаңаарқалық балалардың осы үш ай демалысты қалай өткізгендігі жөнінде оқып көрелік.
Ауылым
Мен жазғы демалыста Ералиев ауылына, атама бардым. Ауылымның табиғаты өте әдемі. Әсіресе, жаз мезгілінде достарыммен өзенге барғанды ұнатамын. Себебі, біздің өзеннің суы мөлдір әрі таза. Күнде достарыммен футбол, тығылмақ, асық ойнап, кешкілік атама мал айдасып, көмектесемін. Біздің ауылда не керектің барлығы бар. Сондықтан, мен өз ауылымды мақтан етемін.
Әр адамның өмірінде туған ауылының алар орны ерекше ғой. Әр тасы, гүлі, өзен, құмы ыстық болады. Анамның, ұстазымның сөзіне қарап отырсам, ақын да, ғалым да, айтыскерлер де ауылдан шыққан екен. Менің де ауылым кішкентай болғанымен, өз ерекшелігі бар. Ауылым жылқы шаруашылығымен, қымызымен атақты рекордтар кітабына енген. Қазақстан Республикасының үздік 30 ауылының қатарында. Атақты Шәбден Ералиев ауылы.
Нұрсұлтан Нұрболатұлы,
Е. Шаханов атындағы тірек мектебінің (ресурстық орталығы) 2 «а» сынып оқушысы.