Қарағанды өндірістік алаңында 2007 жылдан бері қарай кен өңдейтін ірі кешен қалыптасты. «Нұрқазған» атауын алған байыту фабрикасы іргедегі кеніштің құнарлы кенін байытып, зауытқа жөнелтеді. Фабриканың әр цехында біліктілігі сыннан өткен мамандар еңбек етуде. Солардың қатарында концентрат тиеушіден аға мастер дәрежесіне жеткен Арқалық Мұратұлы деген азамат бар.
Арқалық – Қостанай облысының Арқалық қаласының тумасы. Теміртау қаласының Ақтау кентінде 9-сыныпты тәмамдап, Астанадағы басқару институты колледжіне оқуға түсті. 2010 жылы тәмамдап, Ақтау кентіндегі цемент зауытына жұмысқа қабылданды. Арада 6 жылдан соң «Нұрқазған» байыту фабрикасына ауысты. Әуеліде ол бас корпуста концентрат тиеуші болып шаруаға бейімделді. Осында шыңдалды. Екі жылдан соң осы корпуста флотатор мамандығына ауысты. Флотатор болып келгенде оған жұмыстың барлық қыр-сырын флото машинаның тілін меңгерген Зағипа Жұмаділова үйретті. Арқалық тәлімгерінен меңгергеннің барлығын өндірістік үдерісте ұтымды қолданды. Еңбек жолындағы қадамдары оң бағаға ие бола бастады. Оны басшылық бас корпустың аға мастері ретінде тағайындады. Арқалық 2023 жылдан бері осы қызметті атқарып келеді.
– Байыту үдерісінде тоқтау жоқ. Үздіксіз атқарылатын шаруалардың біреуінен олқылық болған жағдайда оны дер кезінде ауыздықтап, ретке келтіруіміз керек. Мұндай жағдайда шұғыл шешім қабылдап, жұмысты жалғастыруға күш саламыз. Аға мастердің негізгі міндетіне өндірістік үдерістің қауіпсіз жүзеге асуын бақылау, жұмысты ұйымдастыру кіреді. Біздің бас корпустың бір мақсат, мүддеге жұмылған ұжымы берілген жоспарды орындауда үнемі алдыңғы қатардан көрініп келеді, – дейді аға мастер.
Қарапайым еңбек жолынан өтіп, бүгінде инженерлік-техникалық қызметкерлер құрамында жүрген Арқалық Мұратұлы жас та болса бас болып, байытудағы ірі буынның шаруасынан шашау шығармай, табысқа бастап келеді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.