Осыдан жетпіс жыл бұрын Жезқазған өңірінде өндірістік үдеріспен кәсіби тұрғыда кен өңделді. Кезең-кезеңімен іске қосылған Жезқазған байыту фабрикасы жаңа тәсілмен кенді байыту кешенін қалыптастырды. Оның бастауында аға буын өкілдері тұрды.
Олардың есімі өңір тарихында алтын әріппен жазылды. Қатары сиреп бара жатқан сол асыл жандардың өкілі –Тұрғанкүл Есентаева. 37 жылын кен байыту саласына арнаған ардақты ардагермен байытушылардың мерекесі қарсаңында жүздесіп, дидарласқан болатынбыз.
Тұрғанкүл апа 1951 жылы қарашаңырақ Қарсақбайда өмірге келген. Он алты жасынан бастап еңбекке араласты. Бұғанасы бекіп, буыны қатпаған аруды еңбек шыңдады. 1965 жылы Жезқазғанға көшіп келгеннен кейін екі жылдан соң электр цехқа сым ораушы болып жұмысқа орналасты. Әкесінің денсаулығы сыр берген соң 4 бауырын асырау қамымен өндірістік ортаға ерте түсті.
Тұрғанкүл апа: – Жұмыстың ауыртпалығын қатты сезінгенім жоқ. Ұжымның арқасында бір жылдың ішінде тіл табысып, қарым-қатынасым, тіл сындыруым да оңалып қалды. Ол кезде ұжымның басым көпшілігі өзге ұлттың азаматтары болатын. 1973 жылы Қарсақбайдың жігітіне тұрмысқа шықтым. 1975 жылға дейін кенттегі зауыттың электр ток цехында жұмыс істедім. Сол жылы зауыт жабылған соң Жезқазғанға қоныс аудардық. Көп ұзамай Жезқазған байыту фабрикасына конвейер машинисі болып жұмысқа қабылдандым. Цехқа алғаш кіргенде бойда қорқыныш болды. Ұзыннан-ұзақ жатқан лента, оның үстінде дәу тастар (кендер), гүрілдеп жатқан диірмен. Алғашында бәрі таңсық болды. Еңбекке араласқан соң барлығын үйрену керек. Цехтаға күнделікті жұмысқа көз де, құлақ та үйрене бастады. Тәлімгерім Фаина Ерзакова үнемі сақ жүруді ескертетін. Әлгі тастарды көріп, мынадан қалай мыс алады деп таңқалатынмын бас кезінде. Барлығын бағдарлай келе кен байытудың үлкен жауапкершілік екенін ұғындым.
1977 жылы реагент дайындайтын (ол кезде дозалаушы дейтін) маман болып ауыстым. Реагенттің мыс сапасына әсері мол екенін сол жұмысты атқара жүріп білдім. Менің негізгі көздегенім флото машинаның тілін меңгеріп, флотатор болу еді. Сол мақсатыма жету үшін дозалаушының жұмысын толық меңгеруім керек болды. Себебі ол кезде флото машинаға тек арнайы дипломы бар мамандар бектілетін. Бір жылдың көлемінде ептілігімнің арқасында флотатор атандым. Жұмысымыз жауапты әрі қызықты болатын. Бір айдан қанша мыс концентратын қалқу керек, шығатын қалдықты қалай азайту керек деген сұрақтарды әр ауысымда алдымызға мақсат етіп қоя білдік. Ұжымда 40 адам еңбек етті.
Кен байыту үдерісінде флотация ерекше рөл атқарады. Флотатордың міндеті – шахтадан келген кенді өңдеу, одан мыс концентратын алу. Мыс концентратының сапасы тікелей флотаторға байланысты. Кен байыту бес сатыдан өтсе, соның маңызды үдерісі де осы флотация болып табылады, – деп өткен кездерді емен-жарқын жүзбен еске алды Тұрғанкүл Есентаева.
Әңгіме тізгінін әрі жалғап: – Мен фабрикада еңбек еткен жылдарда кәсіби тұрғыдан шыңдалған білікті басшылар Григорий Ковалев, Юрий Наливайко, флотаторлар Вера Турашкина, Татьяна Толстоусова, Ольга Зорина, бригадир Юрий Чертан деген азаматтармен бір сапта жүрдік. Өзім баулыған бірталай шәкірттерім болды. Қазір еңбек жолын жалғастырып жатқан Бақыт Байқонова –шыңдалған маман.
2009 жылы зейнет жасына жетсем де үш жыл еңбектен қол үзбедім. Жастарға өндірістің ортасында жүріп білгенімді үйреттім. Еңбгіммен елге құрметті болдым. Осындай дәрежеге жеткенім маңдай тер, адал еңбектің арқасы деп білемін, – деді апай.
Саналы ғұмырын кен байыту саласына арнаған Тұрғанкүл апа тағдырдың тауқыметін көрсе де қиындыққа мойымады. Небары 28 жасында азаматынан айырылып, екі ұлды ер жеткізді. Қарсақбайдың тумасы Ақмаш (Мұхамбедия) Тұрғынбаев Қарсақбай зауытында көлік жүргізушісі болды. Қуанышбек, Ақылбек есімді ұлдары бірнеше жыл қатарынан мамандандырылған құрылыс-монтаждау басқармасында еңбек етті.
Тұрғанкүл Есентаева қырық жылға таяу еңбек жолында атақ, абыройдан кенде болмады. Омырауына «Ерен еңбегі үшін» медалін, «Құрмет» орденін тақты. Кен байыту саласындағы ерен еңбегі оны «Қазақмыстың» Құрметті ардагері атандырды. Ақырын жүріп, анық басып, құрметке кенелген жанның өмір жолы кейінгі буынға өнеге болары хақ.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.