Біздің аймақта бүгінгі таңда 700 бос жұмыс орны бар. Әртүрлі мамандық иелерінің тапшылығын болдырмау мақсатында арнайы жәрмеңке ұйымдастырылып келеді. Бұл дәстүрге айналған.
Жастар күніне орайластырып бос жұмыс орын жәрмеңкесі өтті. Облыс аумағындағы мекемелер өздеріндегі бар жұмыстарды ұсынды. Жәрмеңкеге 70 адам қатысып, оның жетеуі тұрақты негіздегі жұмысқа қабылданды. Ұлытау облыстық «Еңбек мобильдік» орталығының директоры Айдар Қойшыбаевтың мәліметінше, бұл жолғы жәрмеңкеде 15 мекеме 200 жұмыс орнын ұсынған.
– Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін тұрақты негізде өткізу дәстүрге айналды. Осы шара арқылы жұмыс іздеуші азаматтар өздерінің мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуда. Бұл игілікті іс Жаңаарқа, Ұлытау аудандары мен Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларында да өтті. Жалпы алғанда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін мүмкіндіктер алаңы деп айтуға болады, – деді орталық директоры.
Тоқтала кеткен жөн болар, бос жұмыс орындарына тұрғындар онлайн жүйеде де өтінім жібере алады. Ол үшін «Enbek.kz» жұмыспен қамту сайтына жүгінсеңіз болғаны.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.