5 тамызда Қазақстанда Медиация күні аталып өтті. Біздің облыста бұл институт 2016 жылдан бастап белсенді түрде дами бастады. Айтулы күні облыс әкімдігінде дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстелге жергілікті билік өкілдері, халықаралық медиацияны дамыту орталығы, облыстық сот, билер кеңесі, Ұлытау өңіріндегі басқарма басшылары қатысты. Басқосуда дауды сотқа дейін жеткізбей шешу, қос тарап үшін де тиімді болатыны айтылды.
– Медиация институты ашылғаннан бері көптеген жұмыстар атқарылды, әлі де атқарылар істер көп. Облыс бойынша орташа есеппен салыстыру көрсеткіші 35 пайызды құрайды. Бұл – жарты жылдың қорытындысы. Ендігі мақсатымыз – медиацияны дамытып, дауларды шешу көрсеткіштерін арттыру, – деді жиында сөз алған Ұлытау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Жасұлан Достияров.
Медиаторлардың айтуынша, азаматтар медиацияға негізінен отбасылық мәселелер, еңбек, әлеуметтік және тұрмыстық даулар бойынша жүгінеді. Медиаторлардың уақтылы көрсеткен кәсіби көмегі үлкен жанжалдардың туындауына жол бермейді.
– «Медиация туралы» Заңға 2011 жылғы 5 тамызда қол қойылған. Қазіргі уақытта республикада кәсіби және кәсіби емес медиаторлар жұмыс істейді. Медиация – үшінші бейтарап өкілдері – медиаторлардың көмегімен жанжалды жағдайды сотқа дейін шешу тәсілдерінің бірі. Олардың көмегімен дауласушылар өзара қолайлы шешімге келеді. Өңірімізде осыдан екі ай бұрын дана, қадірлі ақсақалдар арасынан билер кеңесі құрылды. Олар дәстүрлі дүниетанымға негізделген дауларды шешуге көмектесетіні анық, – деді кәсіби медиатор Жұлдыз Есмурзина.
Қоғамда медиаторлардың танымалдылығы артып келеді. Мәселен, 2016 жылдан бері Ұлытау өңіріндегі медиаторлар 14 мыңға жуық жанжалды шешкен.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.