Сәуір айында бастауын алған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасын табуда. Бұл жолы «Өткенге құрмет – тіріге міндет» деген атаумен облыстағы зираттар аумағында тазалық акциясы өтті.
Бұл жолғы сенбіліктің маңыздылығы жоғары. Ілкімді іспен қатар мол сауапқа кенелетін шараға өңірдегі діни бірлестік өкілдері, «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары, еріктілер мен белсенді тұрғындар қатысты. Тазалық жұмыстарын бастамас бұрын облыстың бас имамы Елдос Жұмаділдә марқұмдардың рухына арнайы құран бағыштады.
– Тазалық – иманның жартысы. Мұсылман адам қай жерде жүрсе де ең бірінші тазалықты ойлайды. Қабір басына барып тазалықты жүргізу өткенге құрмет, – дейді бас имам.
Қала іргесіндегі мұсылмандар қорымында өткен сенбілікке 100-ге жуық адам жұмылдырылды. Бес күн жалған дүниенің бір күні таусылатыны түсіндіріп тұрған мазарлар маңайы айналасы 2 сағаттың ішінде жинақы қалыпқа енді.
– Бірлік болған жерде жақсылық болады дейді. Осылай жақсылық жасап жарысайық. Айналамызды таза ұстайық, – дейді акцияға қатысқан қала тұрғыны Фархат Күземханов.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы әрі қарай да жалғасатын болады.
Гүлім Маратқызы