Шілденің үшінші жексенбісінде Қазақстанда жыл сайын Металлург күні атап өтілетіні белгілі. Атаулы күнге орай Жезқазғанда өңір басшысының қатысуымен бірқатар іс-шара өтті.
Мерекелік іс-шаралар қатары Қаныш Имантайұлы Сәтбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Шараға облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Советбек Медебаев, металлургия өнеркәсібінің ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
Мерекелік салтанатта облыс әкімі металлургтер мен сала ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Жарты ғасыр ішінде мыс балқыту зауытында металлургтердің бірнеше буыны ауысты. Еңбек әулеттері, көптеген құрметті металлургтер, өндіріс озаттары және болашағы зор жастар өсіп келе жатыр. Қазірдің өзінде Жезқазған мыс балқыту зауытында екі мыңнан астам адам жұмыс істейді. Жалпы алғанда тұрғындардың көпшілігі «Қазақмыс» компаниялар тобының кәсіпорындарында қызмет атқарады. Сондықтан әсіресе Жезқазған және Сәтбаев қалалары тұрғындары үшін Металлург күні – бұл жай ғана кәсіби мереке емес. Жергілікті тұрғындардың күнтізбесіндегі маңызды күндердің бірі, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Салтанатты шара барысында от-жалынмен арпаласқан алыптар облыс әкімінің Алғыс хаттарымен, «Еңбек ардагері» медалімен, III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, «Құрметті металлург» медалімен және басқа да наградалармен марапатталды.
Мерекелік кеш жергілікті әртістердің қатысуымен болған концерттік бағдарламамен аяқталды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.