Көзі қарақты оқырман әлі ұмыта қоймаған шығар, өткен жылы Жезқазған қаласында «балалар алаңының бумы» болған еді. Апта сайын «ана көшеде балалар алаңы ашылды», «мына көшеде балалар жаңа алаңда мәз болып жүр» деген жағымды жаңалықтар әлеуметтік желілерді жаңғыртып жатты. Әрине, олардың сапасы жайлы әңгіме өз алдына. Бүгінгі айтпағымыз мүлдем басқа.
80 алаң салынды ма?
Өткен жылы Жезқазғанда талапқа сай 80 балалар ойын алаңы орнатылады деп жар салған еді жергілікті билік. Бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінді. Мердігерлер «жұмысты қыркүйектің 1-іне дейін аяқтаймыз» деп уәделерін үйіп-төккен де еді. Сол былтыр қала билігі «тұрғындардың өтініші бойынша, алдағы жылы тағы 38 ойын алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Сәтімен жүзеге асса, облыс орталығы балалар алаңымен 100 пайызға қамтылады» деген болатын.
Рас, билік берген уәдесін шамасы келгенше орындап бақты. Жаңадан салынған ойын алаңдарының қатары қалада көзге көрініп-ақ қалды. Ел, әсіресе, бала-шаға ерекше мәз-мәйрам болды. Атамыз қазақ «Бала ішегін сүйретіп жүріп ойнайды» дейді. Айтқандай, бөбек атаулының есіл-дерті – ойын. Сол арқылы олардың ойлау қабілеті артып, қоршаған ортаға деген қызығушылығы оянатыны рас. Жүгіріп секіру, барынша қимыл-қозғалыста болу арқылы балдырғандар физиологиялық жағынан жетіліп, дами түседі.
Бірақ, бұл мүмкіндік қаланың барлық аймақтарындағы балалар үшін қолжетімді болды дей алмаймыз. Әсіресе, Деев көшесінің тұрғындары өзге аймақтарға қызыға да, қызғана да қарайды. Қызығатыны, балалардың алаңсыз ойнап жүргені. Қызғанатыны, сондай заманауи алаңдарға бұлардың қолы жетпей отырғаны.
Шіркін, қайталанбас шақ…
Кім-кімнің де балалық балдəурені есінде шығар. Біз бала болып ойнаған 60-70-ші жылдары қазіргідей арнайы тұрғызылатын балалар алаңы атымен жоқ болатын. Бірнеше үйдің ондаған баласы бірігіп бір доппен ойнайтынбыз. Ара-арасында «менің кезегім еді, сен өтіп кеттің» деп, бір-бірімізбен ренжісіп те қалып жатамыз. Балалық шақ сонысымен қызық. Қураған ағаш бұтағын ат қылып шабу арқылы ұлдар «сəйгүліктің құлағында ойнап» келе жатқандай болса, кішкене қыздар қуыршағын бауырына қыса жүріп, өзінің болашақ ана екенін, үйдегілерге қамқор жан болатынын сезетіндей. Əсіресе, жаздыгүні үй көрмей ойнайтын балалар шаршағанын білмейді. Тіпті, қараңғылық түссе де, үйлеріне барғысы келмейді. Сол себепті де балалар ойнайтын алаңдардың көп болғаны – балаға жасалған қамқорлықтың бірегейі.
Деев көшесіндегі дегдарлық
Қалада балалардың ойын алаңдары жеткілікті ме? Бұл сұраққа жауапты Деев көшесінің тұрғындары етектері жасқа тола отырып айтты десек, асыра сілтегендік болмас. Шын мәнінде бұл көшеде балалар ойнайтын арнайы жабдықталған алаң тұрмақ шағын алаңқай да жоқ. Әсіресе, Деев көшесі 3, 5, 7-ші үйдің тұрғындары осылай деп шағымданды. Олар балалардың қауіпсіздігіне алаңдайды. Себебі, ойын алаңы болмағандықтан жеткіншектер көше кезіп кететін көрінеді. Шыр-пыр болған ата-ана талай рет әкімдікке де барған. Алайда, нәтиже болмаған.
Ал, жергілікті билік балалар алаңын жасаймыз деген Деев көшесі, 5-үйдің алдындағы алаң қазір көлік қоятын тұраққа айналған. Осыдан бір жыл бұрын осы жердегі ойын алаңын сүріп, жаңадан саламыз деп уәде берген екен әкімдік. Ал, алаң сол күйі салынбаған, балалар қазір өзге аулаларға сабылуға мәжбүр.
Тұрғындар не дейді?
Шолап ҚАДЫРСЫЗҚЫЗЫ, Жезқазған қаласы
Деев көшесі, 5-үйдің тұрғыны:
– Қаланың өзге аудандарындағы балалар алаңын көріп қызығамыз. Оларда балалар ойнайтын алаң жақсы жабдықталған. Ересектеу балалар үшін доп ойнайтын қоршалған алаңқай да бар. Қатар тұрған үйдің бүлдіршіндері осы жерде асыр салып ойнағанда, ата-аналары еш уайым-қайғысыз жүреді. Ата-əжелер болса, арнайы қойылған орындықтарда таза ауамен тыныстап, балдырғандардың бал қылығын қызықтайды. Балақайлардың бірі турникке тартылса, екіншісі əткеншек тебеді, үшіншілері волейбол, баскетбол, футбол ойнап жатады. Қыс мезгілінде де ойын бір саябырсымайды. Қардан аққала жасап, шана сүйреп, сырғанап мəре-сəре болып жатқандары. Осындай бақыт біздің балаларымыз үшін қашан боларын білмеймын. Өткен жылы бұрынғы ескі ойын алаңын бұзып, орнын тегістеп кеткен еді. Бір жыл болды ештеңе жасалмай жатыр.
Уанас ЖАНАЙДАРОВ, Жезқазған қаласы Деев көшесі, 5-үйдің тұрғыны:
– Қаламыз күн санап көркейіп келеді. Ақшаңқан үйлер, үлкен құрылыстар салынуда. Бірақ біз тұратын Деев көшесіндегі үйлердің маңында балалар ойнайтын алаң болмай тұр. Тіпті, сол алаңқайға жер табылмайтын секілді. Өйткені бұрынғы ойын алаңының орны автотұраққа айналған.
Құдайға шүкір, қай шаңырақта да қарадомалақтар баршылық. Оларға ойнайтын алаң керек. Ұрпақ саулығын, болашағын ойласақ, жер мен қаражаттан тарылмай, бар жағдайды жасаған дұрыс. Кішкене балалардың басқа жаққа жүгірмей, өз үйінің маңында ойнағанына не жетсін?! Сондықтан, əрбір ата-ана балалар ойнайтын алаңдардың көп болғанын қалайды.
Т31 ойын, 18 спорт алаңы салынады
Тұрғындар тілегін жеткізу мақсатында біз Жезқазған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне хабарласқан едік. Аталмыш бөлімнің сектор меңгерушісі Нұрек Әуезовтың айтуынша, биылғы жылға жоспарланған жұмыс ауқымды сияқты.
Жалпы қала бойынша бүгінгі күні 130-ға жуық ойын, 40-қа жуық спорт алаңы бар. Осылардың сексеннен астамына өткен жылы жаңарту жұмыстары басталған. Алайда, мердігерлердің жауапсыздығынан кейбір алаңдар сапасыз болып шықты. Қазір соларды қайыра қалпына келтіру үшін сот процесі жүруде.
– Негізі, құрылыс жұмыстарымен айналысқан мердігер компаниялар сол нысанды 24 ай бойы өз күтімдеріне алуы қажет. Бұзылғанын жөндеу, сапасыз жұмысты қалпына келтіру өз қаражаттары есебінен жүзеге асырылады. Қаладағы көптеген жаңа ойын алаңдары қазір осылай қайыра жөнделіп жатыр. Бұл тұрғындардың да наразылығын тудыруда.
Ал, енді биылғы жылға келер болсақ, қала бойынша 31 жаңа ойын алаңы мен 18 спорт алаңын жабдықтау жоспарланып отыр. Осы жоспар аясында Деев көшесінде де ойын алаңы мен спорт алаңы жабдықталатын болады. Мердігерлер бұл жұмысты үстіміздігі жылдың қыркүйек айына дейін аяқтап, пайдалануға берулері керек болатын. Алайда, кейбір процедуралардың созылып кетуіне орай жұмыстың аяқталу мерзімі де өзгеруі мүмкін, – дейді Нұрек Әуезов.
Түйін
Соңғы жылдары тұрғын үйлердің ауласына балалар ойнайтын алаңдар көп салынып жатыр дедік. Бұл, сөз жоқ, балалардың бос уақытын көңілді өткізулеріне көмектеседі. Рас, түбегейлі қондырылып болмаған балалар алаңдары жайында сын-ескертпелер де көптеп айтылуда. Тұрғындар «басқа үйдің алдына балаларымызды жіберіп жанымызды шүберекке түйіп отыра алмаймыз» дейді. Ол да шындық. Əрине, бала бəріміздің бауыр етіміз болғандықтан, көпшіліктің мұнша алаңдауының жөні бар. Балалар алаңы – олардың ең көп уақытын өткізетін орын. Сол себепті ол ойнауға қауіпсіз əрі ыңғайлы болғаны дұрыс.
Тақырыпқа тұздық
Әлем бойынша XIX ғасырға дейін балалар ойын алаңы мүлдем болмаған. Уақыт өте келе педагогтер балаға қажетті өз ортасы болуы керектігін айтып дабыл қаға бастады. Сонымен, 1850 жылдары Еуропада алғашқы кішігірім құмсалғыш алаңдар пайда болады. Бірақ бұл кешен көбіне ойын-сауыққа қарағанда тәрбие беру мақсатында қолданылады. Ал, қазіргідей толыққанды ойын алаңы Нью-Йоркте XIX ғасырдың аяғында салына бастайды. Онда тек құмсалғыш қана емес, түрлі әткеншек, сырғанау төбешіктері орнатылады.
Балалардың қызығушылығына байланысты XX ғасырда ойын алаңын өндіру күрт артады. 1909 жылдан бастап мәскеулік мұғалім Г. К. Ремизов балалардың бос уақытын өткізу мәселесімен тығыз айналыса бастайды. 1910 жылы газеттерде Петербургте ашылған ойын алаңы туралы алғашқы жазба пайда болды. Ал, 1912 жылға қарай Мәскеуде 24 ойын алаңы болған.
ТМД елдерінде, Ресейде, Украинада және Белоруссия әдетте, әр көпқабатты үйдің ауласында арнайы ойын алаңдары орналастырылады. Біздің елімізде осы саладағы өндіріс Қарағанды қаласында орналасқан.
Мазмұнына қарай ойын алаңдары:
– белгілі бір жас тобына арналған ойын алаңы (3 жастан 6 жасқа дейін, 7 жастан 12 жасқа дейін немесе 12 жастан 16 жасқа дейін);
– әр түрлі жастағы модульдерді қамтитын жан-жақты ойын алаңы;
– даму мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарға арналған мамандандырылған балалар ойын алаңдары болып бөлінеді.
Ойын алаңының барлық элементтері баланың жасына, бойына, салмағына және физикалық мүмкіндіктеріне сәйкес келуі керек.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.