Қала тұрғындарының көкейінде тұрған «Абай көшесінің жолы биыл жөнделе ме?» деген күпті сұрақтың шешімі айтылды жуырда. Таяу күндері бұл көшенің жолына да түрен түседі.
Мамандардың айтуынша, биыл Жезқазғанда 57 көшенің жолы жаңарады. Жалпы ұзындығы 40 шақырымдық жолды орташа жөндеуге қазынадан 4 млрдтан астам қаржы қаралған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млрд теңгеге артық. Қазір қалада жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Тіпті, бұрын-соңды жөндеу көрмеген көше жолдары да асфальтталып, елдің көз қуанышына айналды. Бірнеше шағын көшелерде орташа жөндеулер аяқталып, қолданысқа беріліп жатса, кейбір орталық көшелердің жолдары жаңа стандарттар бойынша асфальтталуда.
Орташа жөндеу жұмыстары таяу күндері Абай көшесінде де басталмақ. Аталмыш көшенің Бейбітшілік даңғылынан айналма жолға дейінгі аралығы толықтай орташа жөндеуден өтеді. Қазіргі уақытта асфальттау бойынша мемлекеттік сатып алулар конкурсы аяқталды. Жол құрылысымен айналысатын мердігер компания да анықталды. Ол – «Серік бизнес құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазір, аталмыш серіктестік үлкен жұмысқа қызу әзірлік үстінде.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.