Арқаның кең жазира даласы – ежелгі металлургияның желісін үзбей, бүгінге жеткізген құтты мекен. Мыңдаған жылдар бұрын осы төңіректе металл балқытылған қызу еңбектің іздері сайрап жатыр. Ғасыр алмасып, уақыт ілгері жылжығанымен, бұл мамандықтың ел экономикасына қосар үлесі ұлғаймаса, кеміген жоқ.
Металлургияның қарашаңырағы Қарсақбайдан басталған мыс балқымасын кәсіби түрде алу ісі Жезқазғанда жалғасып, мыс қорыту зауыты әлемдік нарыққа саф алтынға теңесер мыс өнімін өндіруде. Өндіріс ошағының мыс өндіру үдерісінде мыңдаған еңбеккер тер төгуде.
Металлургтердің кәсіби мерекесі қарсаңында Жезқазған мыс қорыту зауытының мыс балқыту цехының балқытушысы Бақыт Байсалов жөнінде қалам тербегенді жөн көрдік. Бақыт Жұмабайұлы – әке жолын жалғаған мерейлі металлург.