Кәсіподақ жүйелерінің желісінде соңғы 12 жылда қарапайым еңбек адамының заңдық тұрғыда құқығы мен мүддесін қорғап, олардың әлеуметтік мәселелерін реттеуде тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы іргелі істерге бастамашы болып келеді.
Ұйымның «Қазақмыс», «Казминералс», «Алтын алмас» сынды ірі кен өндіруші компаниялардан бөлек, бүгінде ондаған компанияларда жұмысы жолға қойылған. Жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы дәнекер ұйым Еңбек келісім-шартында көзделген мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға мүдделі. Осы тұрғыдан алғанда «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы Уәлихан Нұржанов жақында «Tranco IRT» ЖШС басшылығымен кездесіп, Еңбек келісім-шарты бойынша келісімге қол қойды. Жалпы, Еңбек келісім-шарты жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы негізгі құжат болып табылады.
Онда лайықты жалақы төлеу мен оны ретету, жұмыс беруші тарапынан еңбекті қорғау талаптарына сай жұмыс орнын қауіпсіздендіру, әлеуметтік тұрғыдағы мәселелерді реттеу, арнайы киіммен және техникамен қамту көзделген. Еңбек келісім-шартын қалыптастыру жұмыс беруші мен кәсіподақ арқылы жүзеге асырылады.
«Tranco IRT» ЖШС басшылығымен кәсіподақ арасындағы келісім екі күнге созылып, нақты шешім шығарылды. Келісім нәтижесінде кәсіподақтың «Еңбек ардагері» медаліне сыйақы тағайындау жөнінде екі тарап ұйғарымға келді. Жезқазған, Қарағанды, Балқаш өңірлерінде филиалдары бар «Tranco IRT» ЖШС-нің «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағалары ендігі кезекте Еңбек келісім-шартының қайта қаралған тұстарын еңбеккерлерге түсіндіріп, насихат жұмыстарын жүргізеді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.