«Мысты өңір» газетінде биыл 24 мамырда осындай тақырыппен шағын ақпарат жарияланды. Онда теміржол вокзалы аймағындағы бір көшеге қос атау берілгені, осындай құрметке ие болған қос тұлғаның есімі қалай болсасолай сауатсыз жазылғаны айтылды.
Содан бері бір айдан астам уақыт өтті. Бірақ, жергілікті билік түк болмағандай, тым-тырыс. Жуырда қос тұлғаның бірі – Асқар Шынтуриновтың ұлы Талғат хабарласты.
– Менің әкем Асқар Құлшықұлы еңбек жолын жастай кеніште қатардағы жұмысшы болып бастап, Жезқазған кен басқармасы бас еспшісінің орынбасары, «Қазмысқұрылыс» тресінің бас есепшісі, «Құрылысбұйымы» заводының директоры болды. Жәйрем кен-байту комбинатын қатарға қосуға қатысты. «Қазмысқұрылыс» тресі парткомының хатшысы, қалалық және облыстық Кеңестердің депутаты болып сайланды. Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет Белгісі» орденімен, бірнеше медальмен марапатталған.
Бұл көшеге біздің әкейдің есімі қайтыс болған соң бес жылдан кейін, 1991 жылы берілді. Міне, отыз жылдан асты, көшенің бас жағына қойылған тас мүсіні мен тиісті тақтайшаларды өзіміз күтіп-ұстап, жаңғыртып келеміз. Тек қате кеткен жазуларды өзгертіп түзетуге құқымыз жоқ. Екінші тұлғаның бұл көшеге қашан киліккенін, өзі кім екенін білмеймін, – дейді Талғат Асқарұлы.
«Альмухамбетов көшесі» деген тегінен басқа түгі жоқ, есімінің ең болмаса бас әрпі де көрсетілмеген марқұмды біз де жыға танымадық. Бәлкім жергілікті биліктегілер білер?
Әлібек ӘБДІРАШ.