Соңғы 4 жылдың мұғдарында біздің аймақ журналистикасында жаңа есім жиі аталып жүр. Жастайынан өзін тележурналист ретінде қалыптастырып, бойындағы дарынын паш етуге ұмтылған кешегі талшыбықтай бұралған сол қыз бүгінде өңір мәселесін ешкімнен қаймықпай батырып батыл айтып келеді.
Қарағанды облысы Шет ауданының Ақадыр кентінде өмір есігін ашып, балалық шағын Жоғарғы Қайрақты кентінде өткізіп, сол жерде білім алған ол мектеп жасынан өте белсенді болды. Мектеп, кент өміріндегі барлық шараларда өзін мойындата білген жас қыздың дарыны көпті сүйсінтпей қоймады. Алға қойған мақсатына жетуде ешкімнің қарсылығына қарамай, «мен журналист болам» деген арманын жүзеге асырған ол Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне, журналистика кафедрасына оқуға түсті. Біз әңгімеге арқау етіп отырған Айзада Тұрсынбекова бала кездегі арманына жету жолында университет қабырғасындағы студенттердің телеарнасында шағын хабарлар жүргізді. Студенттік шақтың өзінде Қарағанды қалалық телеарналарда келісім-шарт негізінде жұмысқа қабылданды.
– Менің бұл салаға келуіме ата-анам, туған-туыстар қарсылық білдірген еді. Сол кезде үйде үлкен жиын да болғаны есімде. Ата-анам «Журналистика қызға қол емес. Басқа мамандықты таңда» деп кеңес берді. Бірақ менің журналистикаға деген ерекше сезімім, оған деген ынтам ешкімнің ақыл-кеңесін тыңдатпады. Бірбеткейлігім мен өз мақсатыма жетем деген қағида мені осы салаға алып келді. Мектеп жасында да, студенттік кезде де телеарнаға шығып, диктор, тележурналист болу деген үлкен арманым еді. Мен соған қалай да қол жеткіземін деген шешімді берік ұстандым. Сол шешім мені осы мамандықтың биігіне көтерді.
Тележурналистика – өзіне ерекше тартып тұратын бөлек әлем. Эфирге шыққандағы сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қалалық, облыстық телеарналарда шыңдалдым. Әсіресе Қарағанды облыстық «Сарыарқа» телеарнасының менің өмірімде алар орны ерекше. Тіпті туған үйімнен кейінгі құтты шаңырағым десем де болады. Осы жерде тележурналист болып қалыптасып, дамыдым. Сондықтан болар қазірге дейін бұл арнадан қол үзген жоқпын. Қоғамның жанға батар тұстарын, халықтың мәселесін телеарна арқылы жеткізуге тырыстым.
Журналист жан-жақты тұлға болуы керек. Ақ пен қараны ажырата алатын маман иесіне айналу үшін көп ізденіс журналистің басты қағидасы деп білем. Менің ел алдына шығып, журналист әрі тұлға болып қалыптасуымда Қарағанды, Жезқазған өңіріне танымал қаламгер Әшімхан Жанпейісов, Берік Дүйсетаев, Жәнібек Садықанов, Сағат Батырхан, Галина Балбекова сынды аға-апаларымның ықпалы зор болды.
Қазір қоғамда алаңдаушылық тудыратын мәселелер жетерлік. Оны телеарна арқылы айтуға болмайтындай кезеңдер де бастан өтті. Сондай сәтте іштегі бұлқыныс «бұл қалай?» дегізген тұстар болды. Мен үшін журналистика нағыз өмірдің ортасы. Сол ортада әділдік іздеп, басымызды тауға да, тасқа да соғатын уақыттар болды, әлі де болып жатыр.
Қайтпас қайсарлығым, өзіме жақын әлеуметтік-саяси, экономикалық тақырыптардағы ізденістің нәтижесі Қарағандыда да, Жезқазғанда да көпке танымал етті деп білемін. Жалпы алғанда, журналист қайсар мінезді болуы керек. Халықпен бірге біте қайнасып кеткен бұл саланың мәнін кетірмейтін буын келуін тілеймін.
Қазір журналист пен блогерлерді бір қатарға қойып, блогерлерді әспеттеп жатыр. Бұл да билік үшін ойланатын жайттың бірі. Менің де блогер достарым бар. Оларға кәсіби журналистика мен блогерліктің ара жігін ажыратып беру соншалықты қиын. Оларды қолдап, қолпаштап жүргендердің әрекеттерін мүлде санам қабылдамайды. Төрт жыл журналистиканың дипломы үшін көз майыңды тауысып оқығаның, қаншама тәжірибеден өтіп, шыңдалғаның қайда қалды? Бір, екі проблеманы әлеуметтік желіге салып, жариялағандар «мен журналистпін» деп кеудесін соққан заман болды. Біз осы жағына аса мән беруіміз керек. Егер мұны бір жүйеге келтіріп, реттемесе журналистиканың мәнін жоғалтып аламыз. «Ашынғанда шығады ащы даусым» демекші, осындайда әріптес ретінде ішкі назымды жеткізіп отырмын. Заман ағымы деп әр нәрсеге еліктеп, соны қадірлей беру де кейінгі буынға жапа шектіре ме деген алаңдаушылық басым. Мереке қарсаңында мұндай өзекті жайтты айтқаным томпақтау болатын шығар, десе де қазіргі сиқымыз осындай болып тұр, – дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімеде.
Айзада Оразханқызы қазір Қарағанды облыстық «Сарыарқа» телеарнасының Ұлытау облысы бойынша меншікті тілшісі. Екі жыл қатарынан республикалық «Жібек жолы» телеарнасында тілшілік қызметте болды. Айзада Тұрсынбекова өткен жылы тұңғыш рет тағайындалған Ұлытау облысы әкімінің журналистерге арналған «Ular» сыйлығының алғашқы иегерлерінің бірі. Мамандығына адалдықпен қарап, жауапкершілік жүгін сезіне білген Айзада Оразханқызы әлеуметтік желілер арқылы да халықтың мұң-мұқтажын жариялап жүр. Жан-жақты ізденістің арқасында ол аймақ тұрғындарының ықыласына бөленуде.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.