Жақында «КәсіпҚорған» кәсіподақ ұйымының Жезқазған филиалына қарасты комитеттер мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларымен кездесу өтіп, онда филиал төрағасы Ақылбек Төлепбергенов өткен жылдың қорытындысын жариялады.
Жиырма мыңнан астам жұмысшы кәсіподақ филиалына мүше болып табылады. Кәсіподақтың негізгі міндеті – қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қадағалау. Жыл ішінде еңбек қауіпсіздігі саясатын жүзеге асыру бойынша 1218 тексеру жүргізіліп, 103 техникалық инспектордың жұмысы ұйымдастырылған. Оның ішінде 62-сі жұмыс берушімен және еңбек қауіпсіздігі бөлімімен бірлесіп жүзеге асырылған.
Жыл бойына кәсіподақ комитеттерінің төрағалары комиссияларда, өндірістік кеңестерде жұмыс орындарын аттестациялауға қатысты. Ай сайын техникалық инспекторлардың, жұмыс беруші өкілдерінің қатысуымен кәсіподақ комитеттерінің отырыстары өткізіліп келді. Отырыстарда кәсіподақ комитеттері қызметінің перспективалық жоспарларына сәйкес атқарылар істер қаралып, ағымдағы мәселелерге, мысалы, қызметкерлердің өтініштерін қарау, кәсіпорынның қысқы маусымға дайындығы мен асханалардың жағдайына қадағалау жасау секілді шаралардың уақытылы атқарылуына жіті назар аударылып отырды.
Есепті кезеңде электр желілері кәсіпорны, «ҚазМысТелеком», «Металлург», «Петролог», аймақтық бірыңғай қойма шаруашылығы, «ҚазКат» бастауыш кәсіподақ ұйымдарында алты есеп беру-сайлау жиналысы өткізілді.
«КәсіпҚорған» кәсіподағы өз қызметінде еңбеккерлердің денсаулығын жақсартуға ерекше көңіл бөледі. Сондықтан ұйым салауатты өмір салтын сақтау мен насихаттауға, спорттық жарыстар өткізуге терең мән беріп, шипажайлармен, спорт залдарымен келісім-шарттар жасап, еңбеккерлерді сауықтыру бағдарламаларын жүзеге асыруда. 2021 жылы Сарыағаш, Жаңақорған, Жұмбақтас шипажайларына жолдамалар ең көп сұранысқа ие болды. Жыл ішінде бір жарым мыңнан астам еңбеккер мен олардың отбасы мүшелері жолдамалармен қамтамасыз етілді. Кәсіподақ мүшелеріне сауықтыру мекемелеріне 60%, отбасы мүшелеріне 30% жеңілдікпен жолдамалар берілді.
Өткен жылы карантиндік шектеулер сақталғандықтан, филиал тілек білдірушілерді Жезқазған, Сәтбаев, Қызылорда қалаларындағы спорт залдарына жазылу, тұз шахтасымен және доктор Бубновскийдің кинезиотерапиялық орталығымен қамтамасыз етуді жалғастырды.
Бір жыл ішінде тілек білдіргендерге бес мыңға жуық абономенттер таратылды. Денсаулық бағдарламасына қоса есепті кезеңде қайырымдылық көмек көрсетілді, мың алты жүзден астам адам емделуге байланысты материалдық көмек алды.
Есепті жылы жұмыс берушілермен бірлесе отырып, жүз жиырма сегіз қызметкер «Кенші даңқы», «Еңбек даңқы», «Еңбек ардагері» салалық төсбелгілерімен марапатталды. Филиал корпорацияның ардагеріне «Қазақмыс» корпорациясының құрметті қызметкері» атағын алғаш рет табыс етті.
Филиалдың қызметі күнделікті Instagram, Facebook әлеуметтік желілір арқылы көпшілікке жеткізіліп келеді.
2021 жылы кәсіподақ мүшелерінің көпшілігін қамтыған «Еңбегі жанған арулар», «Миллионға күлкі сыйла», «Жұлдыздар құттықтайды», «Отбасымыздан жаңа жылдық құттықтау» онлайн-байқаулары өткізілді. Жеңіс күні қарсаңында кәсіподақ комитеттерінің төрағалары белсенділермен бірлесе отырып, бір кездері өндірістік кәсіпорындарда, оның ішінде бұрыннан жұмысын тоқтатқан кәсіпорындарда жұмыс жасаған 250 ардагер мен тыл еңбеккеріне құттықтау азық-түлік пакеттерін таратты.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде дәстүр бойынша өндірісте қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына барып, балаларға сыйлықтар мен тәтті жиынтықтар тарту етті. Тамыз айында «Мектепке жол» акциясына қатысып, толық емес, көп балалы немесе аз қамтылған отбасылардан шыққан 600 балаға мектеп киімдері мен кеңсе тауарларына 600 сертификат табыс етті.
Еңбек күніне орай қызметкерлер «Еңбек әулеті», «Үздік тәлімгер», «Үздік студент», «Тәжірибелі жұмысшы» және «Жаңа жұмысшы» номинациялары бойынша марапатталды.
«Jastar Bolashaq» Жастар одағымен бірлесе отырып спорттың алты түрінен спартакиада өткізді. Айта кету керек, футбол, футзал, волейбол жарыстарына 45-тен астам команда қатысып, қорытындысы 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай шығарылды.
Салтанатты жағдайда Шығыс Жезқазған кеніші, Жезқазған мыс қорыту зауыты, Жезқазған кен байыту фабрикасының директорларына чемпиондар кубоктары табыс етілді. Сондай-ақ, облыстың спорт ұйымдарымен апта сайынғы командалық жаттығуларға келісім-шарттар жасалды. Кәсіподақ комитеттері жыл бойына жеке шағын футбол, шахмат, боулинг, қысқы және жазғы балық аулау жарыстарын ұйымдастырды.
– Кәсіподақтың оң имиджін қалыптастыру мақсатында біз өз іс-шараларымыздың ауқымын кеңейтіп, кәсіподақ мүшелерін ғана емес, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарын, ерекше қажеттіліктері бар балаларды да құр қалдырмауға тырыстық. Өндірісте қайтыс болған жұмысшылардың балалары, балалар үйінің, мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері, көп бейінді аурухананың балалар бөлімшесінің емделушілеріне қолдау көрсеттік. Қасиетті Рамазан айы мен Наурыз мейрамына орай діни мекемелер өкілдерімен бірге аз қамтылған және көп балалы отбасыларға азық-түлік пакеттері таратылды. Кәсіпорындарға жұмысшыларының еңбек және демалыс жағдайын жақсарту мақсатында тұрмыстық техникамен жабдықтау бойынша демеушілік таныттық, – деді Ақылбек Сағиұлы.
Жыл бойы филиал «Jastar Bolashaq» Жастар одағымен тығыз байланыста болып, бірлескен спорттық, мерекелік іс-шараларды өткізді. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесімен ынтымақтастық жалғасты. Олардың өтініші бойынша филиал санаторийлерге құнының 50 пайызына жолдама бөліп, азық-түлік қоржындарын тапсырды. Салалық және корпоративтік наградалармен марапатталған ардагерлерді бірлесіп марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Жылдағы дәстүрге сай еңбеккерлердің балаларына жаңажылдық сыйлықтар таратылып, онлайн байқау өтті.
– Ағымдағы 2022 жылы да мерейтойларды, зейнеткерлерді, тыл еңбеккерлерін, интернационалист-жауынгерлерді, Чернобыль апатын жоюшыларды, балаларды құрметтейтін жыл сайынғы спартакиада өткізуді жоспарлап отырмыз. Карантиндік шектеулер талаптарын сақтай отырып біз офлайн режимінде іс-шаралар өткізуді жалғастыра бермекпіз. Ақпан айында корпорацияның спорт ардагерлері арасында футбол турнирі жоспарланған. 2022 жылы «КәсіпҚорған» кәсіподағының құрылғанына 10 жыл толады. Ұйымның 10 жылдығын атап өтуге арналған іс-шаралар жоспарының да ауқымы кең, – деді филиал төрағасы.
Айта кетейік, осыған дейін «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік құрылымдарындағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті мен бастауыш ұйымдарының төрағалары еңбек ұжымдарында болып, 2021 жылы атқарылған жұмыстарға есеп берген болатын.
Бағдат Қазкенов.