Жезқазған мыс қорыту зауытындағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің ұйымдастыруымен өндіріс ошағының цехтарындағы энергия қызметі бөлімінің электриктері арасында кәсіби шеберлік байқауы өтті.
Алып өндіріс нысанын күндіз-түні электр жабдығымен қамтамасыз ету, ондағы техникаларға электрлік қызмет көрсетуде еңбектері ерекше электриктер шеберлік сынға түскен сәтте теориялық білімдерін практикалық қабілеттерімен ұштастыруға тырысты. Кәсіподақ комитетінің мұндай бастамасы электриктерге ерекше ынта сыйлағаны сөзсіз. Өзара шеберлік сынау арқылы алдағы істерінде кем-кетігін толықтыруға мүмкіндік беретін мұндай байқаулардың маңызы зор екенін олар да жақсы бағамдай біледі. Шеберлік сынында озып алға шыққан балқыту цехының намысын қорғаған Ерболат Мейрамов бас жүлдені жеңіп алса, мысты электролиздеу цехынан Вячеслав Власов І орынды иеленді. Балқыту цехынан Евгений Кобзевке ІІ орынның жүлдесі тисе, Сергей Камышлов ІІІ орынды қанағат тұтты.
Жылу, энергиямен қамту цехынан бақ сынаған Владимир Кравчу «Үздік электрик» номинациясын алса, желі және станция цехынан Диас Бірімбай «Үздік креативті электрик» атанды. Күкірт қышқылы цехынан Рахат Жабаспаев «Ең белсенді электрик» деген атақты еншіледі.
Зауыттағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Ардақ Ақылбекова мұндай шаралар еңбеккерлердің өз кәсібіне деген қызығушылығын оятуға әрі ізденіске бейімдейтінін алға тарта келіп, түрлі кәсіп иелері арасында байқаулар жалғаса беретінін айтты.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.