Кен байыту кешенінің ірі ошағы саналатын Жезқазған байыту фабрикасындағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті бас энергетика бөлімімен бірлесіп, кәсіпорынның құрылғанына 70 жыл толуына орай электрмонтерлер арасында «Үздік маман-2024» кәсіби шеберлік байқауын ұйымдастырды.
Байқау теориялық, практикалық, энергиямен жабдықтау және техника қауіпсіздігі салаларындағы маңызды деген сұрақтарға жауап беру сынды үш кезеңде өтті. Арнайы құрылған комиссия мүшелері қатысушылардың біліміне, іскерлігіне, жұмыс барысында қауіпсіздік талаптарын қаншалықты ескеретіндіктеріне мән берді. Электрмонтерлер өздеріне қойылған байқау шарттарын орындауға күштерін салды.
Кәсіби шеберлік сынынан мүдірмей өткен № 2 бас корпустың электрмонтері Вадим Репников І орынды жеңіп алды. Екінші орынның жүлдесі энергия қызметі бөлімінен Нұрбол Сейдахметовке бұйырды. № 2 бас корпустың намысын қорғаған Константин Арон ІІІ орынмен марапатталды.
Байқауда шеберлігімен көзге түскен сала мамандарына арнайы номинациялар табысталды. Олардың қатарында № 1 бас корпустың электрмонтері Ахмади Байжанов, № 2 ұнтақтау корпусының электрмонтері Данил Ткач, сүзу-кептіру бөлімінен Азамат Мейрам, қойма шаруашылығы бөлімінен Бауыржан Әлмұқанов, энергия қызметінен Денис Ефимов бар.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.