Ұлытау өңірі тұнып-тұрған тарихқа толы. Мұны мақтанышпен айтамыз. Тарихи ескерткіштерді өз көздерімен көріп қызықтайтын туристер ағылып келіп жатса деп армандаймыз. Жөн-ақ. Бір білетініміз, қанаттас қос қала Жезқазған мен Сәтбаевқа ат басын тіреген қонақтардың көбі Ұлытауға бармай кетпеуге тырысады. Сол меймандарымыз әйгілі Алтыншоқыны көргенде қандай көңіл-күйде болады екен деген күдік бізді мазалар еді…
Өткен жылдың күзі еді. Жезқазған қаласының тарихи-археологиялық музейінде болғанбыз. Музей суретшісі Кешубай Байділдиновпен жете танысу барысында қолөнерге деген қабілетіне тәнті болдық. Оның қазақ жерінен табылған «Алтын адам» тұлғасының көшірмесін асқан шеберлікпен жасағаны туралы мақала жазылды («Мысты өңір», №4, 5 қараша 2021 жыл).
Айтайын дегенім, Кешубай сол жолы Ұлытау ауданындағы Сарлық ауылына жақын жердегі Алтыншоқыға Ақсақ Темір ХІV ғасырда жазып қалдырған ескерткіш тас жазуының көшірмесін түсіріп, музейге қойғанын сөз етті:
– Ол ескерткіш тастың түп нұсқасы Санкт-Петербургтағы Эрмитажда сақтаулы ғой. Оны тауып, сонда тапсырған академик Қаныш Сәтбаев екенін білетін шығарсыз. Алтыншоқыда сол таңбалы тастың көшірме нұсқасы жатыр. Ақсақ Темір ол тастың жоғары жағына көне араб әліпбиімен, ал одан төменірек көне ұйғыр әрпімен шағатайша жазу қалдырған ғой. Көшірме жасау үшін Алтыншоқыдағы қазіргі нұсқасын біледі-ау деген адамдарға оқытып, әріп таңбаларын нақтылай түсуді жөн көрдік. Сөйтсек… – деген Кешубайдың сөзін осы жерден үзе тұрып, әңгімені әріден бастағанды жөн көрдік.
Бұл таңбалы тасты геолог Қаныштың қалай тапқанын жазушы Медеу Сәрсекеев «Сәтбаев» кітабында ежелгі тарихты қозғай отырып, әсерлі суреттейді. Кітаптың сол тұсының әр жерінен үзінділер:
«…Темірдің бұл ат тұяғы жеткен төңіректі жаппай бағындырып, Азияның Ақсақ Барысы атанған шағы.
Ақсақ Барыстың қанды шеңгел тырнағы бұл жолы Алтын Ордаға ауған-ды. Алтын Орданың сол күндегі билеушісі жау жүрек Тоқтамыс батыр еді».
Жазушы бұдан әрі Ақсақ Темірдің екі жүз қосынға бөлінген қалың қолы 1391 жылы сәуірдің 28 күні Ұлытауға келіп жеткенін баяндайды. Әміршінің осы жерге қандай өшпес белгі қалдырамыз дегенін сөз ете келіп, қасындағы Кермене ақынмен былайша сөз қағыстырады:
«Ақсақ Темір ақынның бұл кеңесіне дән риза болып:
– Кермене, ақын болсаң да, ақылды сөз сөйлеп тұрсың. Сен енді мына ақымақтарға жай ғана қара тастың алтын табақтан неге артық екенін түсіндіріп бер, – деп бұйырады. …Кермене ақын масаттана сөйлеп:
– Мұның асылдығы беріктігінде. Оның бетіне түскен ұлы әміршінің есімі мың жылдан соң да өшпей, жел-суға өзгермей қаз-қалпында мәңгі сақталады…».
«Сәтбаев» кітабында байырғы жезқазғандық С. А. Рожновтың естелігі келтіріледі:
«…Шәріп екеуіміз іздеп барсақ, Қаныш Имантайұлы таңбалы тастың іргесінде көлеңкелеп отыр. Аса көңілді, бізге жайраңдай қарап: «Қане, жастар, мынаны қозғап көрелік. Алтыншоқыдан алтынға бергісіз қазына таптық білем. Меніңше, өте қымбат дүние!» – деп түсінік бергені есімде…
Енді Шәріп, мен және Қанекең үшеуіміз жабылып орнынан қозғай алсақшы. Зілмарлығы сондай!» – деп жазылған кітапта.
Танымал тұлға Қаныш Сәтбаевтың «Алтынға бергісіз қазына» дейтіні, міне, осы таңбалы тас. Ақсақ Темір ХІV ғасырда бұл тасқа:
«Рахымды, мейірімді Алланың атымен! Нағыз Әмірші, шындықтың ғибадатханасы, қырағы қорғаушы, бәрінен күшті және құдіретті, өмір мен өлім сыйлаушы асқан дана!
Жеті жүз тоқсан үштің жазы, қой жылы көктемінің ай ортасы, Тұранның сұлтаны Темір-бек үш жүз мың әскерімен ислам үшін бұлғар ханы Тоқтамыс үшін көтерілді. Осы жерге жетіп, естелік белгі болсын деп, осы қорғанды тұрғызды. Алла бұйыртса, Құдай әділдік орнатады! Құдай еліміздің адамдарына мейірімділік көрсете көр! Олар бізді дұғалар оқып, естеріне алсын!».
Кейін бұл ескерткіш тас «Ақсақ Темірдің жазуы» атанып кетті. Жазушы Медеу Сәрсекеев оны «үлкендігі кебежедей қара бұжыр тас» деп суреттейді. Ал тарих қойнауынан жеткен құнды жәдігерлерді жаңғыртуға айтарлықтай үлес қосып жүрген жезқазғандық қолөнер шебері Кешубай Байділдинов оның көшірмесін музей экспонаты тұрғысында жасады. Ол тайға таңба басқандай көрініс тапқан. Бұлай асқан дәлдікпен, іждағаттылықпен, шеберлікпен туған дүние – құдықпен ине қазғандай қажырлы еңбектің жемісі.
Енді Жезқазған қаласының тарихи-археологиялық музейінің суретшісі, қолөнер шебері Кешубай Байділдиновтың жоғарыдағы үзілген сөзін жалғайық:
– … Сөйтсек Алтыншоқыдағы таңбалы тастың көшірмесіндегі жазу қарабайыр шимай-шатпақ болып шықты. Сондықтан мен Эрмитаждағы түпнұсқаның фото-бейнесіне сүйене отырып, көшірмесін жасадым.
Кешубай айтса-айтқандай, салыстыра қарар болсақ, екі көшірме екі түрлі екендігі жай көз салған адамның өзіне аңғарылып тұр. Ал Ұлытауға келер туристер Алтыншоқыдағы таңбалы тас бетіндегі шимайды көріп, не дер еді?!
Аса құнды тарихи ескерткіштерді қорғап, сақтай білу және жаңғырту ұлағатты іс екендігі кім-кімге де түсінікті. Ендеше қателікке, жүрдім-бардым қараушылыққа жол берілмесе керек. Ғасырлар қойнауынан жеткен Алтыншоқыдағы таңбалы тас көшірмесін қаз-қалпына келтіруді уақыт оздырмай қолға алу қажет-ақ.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.