Жұмамәді Ибаділдиннің «Жер кіндігі Жезқазған» атты кітабы Жезқазған қаласының елужылдық мерейтойына орай 2004 жылы жарық көрген еді. Ел ағасы атанған кітап авторының тарихи-танымдық толғаныстары Ұлытау-Жезқазған өңірінің ежелгі бай тарихынан бастап бүгінгісіне дейін арқау еткен. Он жыл қала әкімі болған Ж. Ибаділдиннің «Өздерінің үлкен сахнаға деген алғашқы қадамдарын осында жасаған болатын» дей келіп, бүгінгі танымал әншілер ретінде Серік Оспановтың есімін ең бірінші атауы тегіннен-тегін емес. Иә, жердің де, елдің де атын шығарар өнер адамдары екені анық.
Дәстүрлі әнші тұрғысында Серіктің өнер өлкесіне бет бұруы Жезқазған қаласында бастау тапқан еді. Сондықтан да осы мыс қаласы өзіне айрықша ыстық.
Бұл 1992 жыл болатын. Ол сол кездегі Жезқазған облыстық мемлекеттік филармонияға директор болып тағайындалды. Жастайынан күмбірлеткен домбырасын өзіне серік еткен Серік бұған дейін де асқақ үнді әншілікке деген талабымен тыңдармандарын сүйсінтіп келген. Оның онысы өнерпаздық болатын. Мамандығы болса, Целиноград инженерлік-құрылыс институтын бітірген инженер-құрылысшы. Еңбек жолын Жаңаарқа ауданындағы КПСС ХХV съезі атындағы совхозда аға прораб болып бастаған еді. Өзінің туған ауданында жүріп әртүрлі қызмет атқарған ол қолынан домбырасын тастамай үлкен өнерпаздық жолдан өтті.
Серіктің табиғи талантымен ең алғаш көпке танылуы 1985 жыл болатын. Анау-мынау емес, аты жер жарар республикалық өнер бәйгесінде небір мықтылардан озып шығып, топ жарады. Өзі бітіргелі отырған Целиноград инженерлік-құрылыс институтының атынан сол жылғы сәуір айында Алматы қаласында өткен республикалық шығармашылық жастардың «Жігер» фестивалінде дәстүрлі ән орындау номинациясы бойынша лауреат атанады. Сол жолы «Лениншіл жас» республикалық газетінде Серік жайында «Жолдамасыз келіп жүлде алған» деген атпен мақала жарияланады.
Иә, шын жүйрік алқалы бәйгелерде танылмақ. Серіктің тума талант иесі тұрғысында және бір танылуы 1989 жыл. Ол Жезқазған облысында халық шығармашылығы мен көркемөнерпаздар өнерін кеңінен насихаттау мақсатында шымылдығын алғаш рет ашқан «Ұлытау үні» фестивалінің лауреаты атанады. Ел арасында жүрген талай өнерпаздың талабын ұштап, талантын танытқан бұл фестиваль Серік Оспановтың үлкен өнер жолына жолдама береді. Оның болашағынан зор үміт күттіріп, облыстық филармонияның директорлығына тағайындалуы кездейсоқтық емес еді.
Серік Кәрібайұлы кіл таланттар басқосқан осы ұжымда жүріп, өнер тарланы тұрғысында шыңдалды. Күнделікті бірге жүрген ортасына қарап, бой түзеді. Сахна мәдениетін бойына сіңіруге ден қойды. Шығармашылық ізденісін ұштай түседі. Сөйтіп, Жезқазған қаласында жүрген жылдарда ол толыққанды өнер иесі болып кемелденді. Оны айтасыз, өзінің бойындағы табиғи талантымен мысты қаланың атын шетелдерге де әйгілейді. Жезқазғанның дәстүрлі әншісі Серік Оспановтың шетелдік өнер сапарлары осы жылдары басталады.
Бір сөзбен айтқанда, Серік Кәрібайұлы ұлттық жауһарларымыз – қазақтың әндерін алыс-жақын шетелдік өнерсүйер қауымға танытып жүрген дәстүрлі әнші. Ол мемлекеттік ресми делегация құрамында Германия (1980 ж.), Франция (1993 ж.), Италия (1994 ж.), Венгрия (1995 ж.), Иран (1996 ж.), Ресей (2010 ж.), Өзбекстан (2017 ж.), Татарстан (2018 ж.), Моңғолия (2019 ж.) мемлекеттерінде болып, өнер көрсеткен. Биылғы наурыз айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына жасаған ресми сапары барысының аясында ұйымдастырылған «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылының» ашылу салтанатына және қатысып қайтты. Бұл мәдени шараға үш этнографиялық ансамбльмен бірге дәстүрлі әнші ретінде Серік Оспановтың бір өзінің қатыстырылуы атап айтуға тұрарлық-ақ.
Алғашқы шетелдік өнер сапарының бірінде ақын Қадыр Мырзалиевтің «Қазақ – нағыз қазақ емес, Нағыз қазақ – Домбыра!» деген жыр жолдарының мәнісін жете ұғынып, сөз зергерінің айтқыштығына тәнті болған. Бұрын осы бір жыр жолдарын аузынан тастамай, іштей жиі қайталап жүрсе де ақын неге бұлай айтты екен деп ойға бататын. Сөйтсе, шетелдіктерге қазақты қазақ деп Домбырасыз таныстыру мүмкін емес екен. Кешегі кең далада кең тыныспен тамылжыта шырқаған сал-серілердің әндерін қаншалықты шырқағаныңмен де қолыңдағы қос ішекті Домбырасыз қазақ таныла алмайды екен. Шетелдіктердің Домбыраға айрықша ынтызарлығынан Серік осыны ұғынған. Шынында да, «Нағыз қазақ – Домбыра!» екен. Ақын қалай тауып айтқан!
Серік ақын Қадырдың әр өлеңінен тылсым әсер алар еді. Әр сөзі бірінен бірі өтеді. Оның: «Адам ешқашан да толық бақытты болмайды. Адамның бақытты сәттері болады», – дегенін айтсаңшы!
Ақын Қадыр айтқан бақытты сәттер Серікте де баршылық. Мәселен, кезіндегі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ыстық ықыласына бөленген сәттерін қалай айтпасқа. Дәстүрлі әншінің ол кісінің назарына ілігуі Серіктің өнеріне деген ынтықтығы екені даусыз. Назарбаев Жезқазғанға әр келген сайын Серікті іздейтіні шындық. Өнері көптің бірі емес, мемлекет басшысының көңілінен шығып жатса, бұдан артық қандай марапат керек! Бақытты сәттер деп осыны айт!
Назарбаевтың айрықша ұнатып, тыңдайтын әнінің бірі Ақтамберді жыраудың «Күлдір-күлдір кісінетіп» деп басталатын әйгілі термесі екен. Енді бірі Ақан серінің «Дүние-ай» деген әні көрінеді. Иманжүсіптің әндерін де сүйсіне тыңдайтын. Елбасы мен өнер иесінің әр жүздесуі әсерлі сәттерге толы болған. Әсіресе, 1993 жылы Назарбаевтың Ұлытауда болашақ ел тұтастығына арнап ашылар ескерткіш орнына белгі тас қойғаны ел есінде. Сонда ол бірлік пен ынтымақ туралы тартымды сөз сөйлеп болып, екі жүз-үш жүз метрлік жердегі белгі тасқа гүл шоғын қоюға бара жатып, өзімен бірге арнайы ертіп келген Серікке:
– Аңыратып Ақтамбердінің жырын төкші, – дейді ғой.
Серік сол-ақ екен Ақтамберді жыраудың адуынды, айбынды жырын асқақ үнімен шырқай жөнеледі ғой. Әдетте анау-мынау сахнаға сыймай кететіндей зор дауысымен Ақтамберді жыраудың әйгілі толғау-термесін орындағанда Ұлытау баурайы ерекше күңіреніп кеткен еді дейді естіген жұрт.
Серік Кәрібайұлы 2002 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыртуымен Астана қаласына қоныс аударып, Президенттік мәдениет орталығында қызметте болды. Елбасының қамқорлығына бөленуі тағдыр сыйы екені анық. Әйтсе де әлдекімдер тәрізді әкімдердің сөзін сөйлеп, қолтығына кіріп, өз есебін түгендеп жүрген жылмағайлық оған жат. Ол жүрек қалауындағы істермен белсене айналысты. Серік Кәрібайұлы 2003 – 2013 жылдар аралығында «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау» мемлекеттік инспекциясының басшысы, «Мәдени-демалыс орталығы» МКҚК директоры, «Тәуелсіздік сарайы» МКҚК директоры, «С. Сейфуллин мұражайы» МКҚК директоры, «Мәдени-демалыс қызметі орталығы» ЖШС директоры, «Атамекен» бірлескен мұражайлар дирекциясында музей педагогикасы бөлімінің басшысы әрі қалалық «Астана мәдениеті» журналының бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарды. Ал 2013 – 2016 жылдар аралығында Мәдениет министрлігінің «Қазақстан халқы рухани даму қоры» АҚ және мониторинг басқармасының басшысы болған.
Әнші Серік Оспановтың Астанада қызметте болған жылдардағы бақытты сәттерін тізбелеп шығар болсақ: 2001 жылы «Конгресс Хол» залында «Тәуелсіздік – тәу етіп айтар әнім» атты жеке ән кешін өткізуі, 2002 жылғы «Әнші жоқ Қараөткелде менен асқан» атты ән кеші, 2003 жылғы «Атыңнан айналайын халық әні» атты ән кеші, 2005 жылғы «Сегіз сері – жұлдызы алашымның» атты ән-күй кеші, 2006 жылғы «Тумайды енді қайтып Иманжүсіп» атты ән кеші, 2007 жылғы өзінің 50 жасқа толған мерейтойына орай халық артистері Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова және басқа да танымал әншілердің қатысуымен өткізген «Қайдасыңдар, достарым?» атты шығармашылық ән кеші, 2008 жылғы «Домбырам жүрегіммен үндес едің» атты ән кеші, 2009 жылғы «Конгресс Холда» С. Сейфуллиннің 115 жылдығына орай «Сәкеннің сырлы әлемі» атты әдеби-музыкалық кеші.
Өнер зерттеушісі ретіндегі Серік Кәрібайұлының еңбектері өз алдына ұзақ әңгімеге арқау болғандай. Әйткенмен, оның бір көңілге түйгені: газет-журналға қаншама мақала жариялап, тіпті кітаптар жазсаң да, ән құдіретін, әнші болмысын жеріне жеткізе алмайды екенсің. Бұл тұрғыда жанды дауысқа ештеңе жетпейді. Сондықтан да ол жаздырған 2005 жылғы Сегіз серінің 25 әнін жинақтап, өзі орындауындағы «Алқоңыр» атты, 2009 жылғы 14 әнін жинақтаған «Сәкеннің музыкалық мұрасы» атты, 2013 жылғы 50-ге тарта әнін тауып, жаздырған «Балуан Шолақ әндері» атты, 2014 жылғы Иманжүсіп Құтпанұлының 145 жылдығына орай шығарған СР дискілері – баға жетпес құнды дүниелер.
Ақын Қадырдың өлеңдері жанына жақын. Оның жыр жолдарын оқып, рухани шөлін басар еді. Әсіресе, Қадыр Мырзалиевтің сонау 1979 жылы баспа көрген «Домбыра» өлеңдер кітабын қайда жүрсе де қолынан тастамай домбырасымен қоса алып жүрер еді. Өлеңдерін оқи бергісі келеді:
Біз болмасақ, байқаймын, оңбас өнер.
Құдірет – күн,
Түбінде ол да сөнер.
Дүниенің тереңі – теңіз дер ем,
Терең жандар теңіздей болмаса егер.
Біз болмасақ, байқаймын, оңбас өнер.
Құдірет – күн,
Түбінде ол да сөнер.
Дүниенің байтағы – дала дер ем,
Даладай кең адамдар болмаса егер.
Біз болмасақ, байқаймын, оңбас өнер.
Құдірет – күн,
Түбінде ол да сөнер.
Дүниенің биігі – тау дер едім,
Таудай биік адамдар болмаса егер.
Өздеріңнен,
Көңілім қалағандар,
Нәр аламын алғандай ауадан нәр.
Теңіз,
Дала,
Тау емес –
Жердің көркі –
Теңіз – адам,
Дала – адам,
Тау – адамдар!
Серік Қадырдың мына бір өлеңін оқи отырып, ақынның айтқыштығына таң-тамаша қалар еді:
Сөз емес бұл көктен түскен салбырап,
Шабыт шегін бабыменен ал бұрап.
Алтын құс бар,
Алтын құс бар, ағайын,
Кез келгенге ұстатпайды ол бірақ.
Жұртқа жұмбақ,
Бізге мәлім құс елі.
Мысалы оны Абай білген кісі еді.
Аңыздағы алтын құстар
Тек қана
Ұлы ақынның тұзағына түседі.
Қай дарынның жүрегіне мол мұрад
Арна салса,
Бақытына сол мұрап.
Алтын балық жоқ демеңіз,
Бар!
Бар ол!
Кез келгенге ұстатпайды ол бірақ!
Жаңадан облыс болып ашылғандығы туралы сүйіншілеген хабарды естігенде есі кете қуанған адамның бірі – Серік Кәрібайұлы. Астанадағы жерлестеріне Жезқазғанға қайтайық деп ұран тастаған. Өзі отбасымен елге жетуге асыққан. Келе халық шығармашылығы бөлімінің басшысы болып қызметке кіріскен. Ұлытау облысының мәдени-сауық және шығармашылық ғылыми-әдістемелік орталығындағы бір бөлім. Бұл тағдырды қойсаңшы, инженер-құрылысшы, міне, мәдениет саласында 40 жылдан астам уақыт бел шеше қызмет етіп келеді.
Және сүйсіне араласатын бір ісі – облыстық «Ұлытау» теледидарына «Дала
дауысы» деген атпен жиі шығып тұратын қазақ сал-серілері туралы авторлық бағдарламасы. Оны тегін жүргізеді. Ақша үшін арын да, барын да сататындармен жаны қас. Серік Оспановты кешегі сал-серілер мектебі ата дәстүрінің бүгінгі жал-
ғастырушысы дер едік. Ол киелі сахнада да, көгілдір экранда да өзінің домбыраға үн қосқан дауыс бояуымен халық өнерінің насихаттаушысы, жанашыры болып
келе жатыр.
Қара сөзбен жеріне жеткізе айта алмаспыз, бәрінен бұрын дәстүрлі әнші Серікті жан рахатына бөлене отырып тыңдағанға не жетсін!
Басына бақ болып қонған Алтын құс – ән Ұлытау көгінде қалықтауда.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.
Cерік Кәрібайұлы ОСПАНОВТЫҢ марапаттары:
ВЦСПС-тің «Көркемөнердегі жетістігі үшін» Алтын медалі (1991 ж.),
Қазақстанның еңбек сіңірген артисі (1996 ж.),
«Ерен еңбегі үшін» медалі (2014 ж.),
ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының «Алаш» естелік медалі,
«Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі (2018 ж.),
Моңғолия ардагерлер кеңесінің «Құрмет» медалі (2019 ж.),
«Еңбек ардагері» медалі (2023 ж.).