Еліміздің жер астындағы ен байлығын кәдеге жарату жолында геологиядан бастау алып, оны өндіру мен өңдеудің, одан сапалы өнім шығарудың арасында қаншама өндірістік үдеріс жүзеге асады. Шыңырауда кен алудың машақатын кеншіден бөлек, бірнеше мамандық иелері еңсеріп шығады. Бұл ретте маркшейдерлердің атқаратын жұмысы ауқымды.
«Нұрқазған» кенішінің өндірістік жоспарға жетуінде маркшейдерлік бөлімнің қызметкерлері белгілі межені орындауда көшбасынан көрініп келеді. Бас маркшейдер Қанатбек Таубалдиннің жетекшілігіндегі құрылымның жұмысымен Қарағанды өңіріне барған сапарымызда танысқан болатынмын. – Маркшейдерлік жұмыстар тау-кен өнеркəсібінің ажырамайтын бір бөлігі болып есептеледі. Оның əдістері мен нəтижелері пайдалы қазынды кендерді игерудің барлық кезеңдерінде (барлау, жобалау, құрылыс, пайдалану, тау-кен өндірісін жабу жəне тау-кен жұмысы салдарынан бұзылған жерді қалпына келтіру), мұнай кəсіпшілігінде, метрополитендер мен туннельдері жəне т.б. құрылыстарды салғанда кеңінен қолданылады. Маркшейдерлік қызметтің негізгі мақсаты кəсіпорын жұмысының тиімділігін арттыру жəне кен қазу жұмысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді Қанатбек Оңғарбайұлын әңгімеге тартқанымызда.
Қанатбек Таубалдин
Бас маркшейдермен болған әңгімеден ұқаным, аталмыш мамандық иелері алдына жер бетіндегі нысандар мен жер қойнауын қорғаудың қағидаларын қатал сақтау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мəселелері де қойылып отыр. Жалпы жұмыскерлерге жобаға сүйене отырып бағыт-бағдар беру, забойдың түзу өтілуі, аттырылған тау жыныстарының тасымалдануы, кенжарларда кендердің қалдығы, аттыру жұмыстарына даярланған, бұрғыланған теспелердің түзулігі, болатты полимерлі анкерлі тіреуіштердің паспортқа сәйкестігі және торкрет бетонды тіреуіштердің көлемі сияқты шаруалардың барлығы тікелей маркшейдердің қатысуымен іске асады.
Бұл бөлімде 12 қызметкер бар. Жетекші инженер-маркшейдерлер Бекназар Қапбасов пен Жандос Амантаев, телім маркшейдерлері Индира Орынтай, Жансейіт Әуезханов, Мадияр Үсембеков, Ибрагим Хафизов, инженер-геодезист Эльвира Балғабаева, тау-кен жұмысшылары Орынбасар Шалғымбай, Ахат Әуезханов, Мәрлен Балтабеков өздеріне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарып келеді
Маркшейдердің жер астында да, жер бетінде де атқаратын қызметтері өте зор. Олардың қызметі әр кеншіге тән қауіпке толы. Солардың ішінде ерекше атап өтсек өндіру телімінде Индира Орынтайдың атқарып отырған жұмысы ауқымды. Өзінің жігерінің арқасында ол 4 бұрғылау қондырғысына қызмет көрсетіп келеді. Бұрғыланған теспелердің ұзындығын, көлбеулігін және бұрышын фактіге түсіріп отырады. Әр қондырғының айлық жоспары 8700 метрді құрайды. Ал айына беретін өндіріс көлемі – 12000 тонна. Сонымен қатар тау-кен, геологиялық ақпарат жүйесі бойынша (ГГИС) қызметін үлкен жауапкершілікпен атқарып жүрген Бекназар Қапбасовты да ерекше атап айтуға болады. Ол өз ісінің маманы. Тау-кен құрылымдарын (3D форматында) макромайн программасында толықтырып ақпаратты жылдам алып және тиімді жоспарлауға септігін тигізеді.
Қанатбек Таубалдин еңбек жолын 2005 жылы Оңтүстік Жезқазған кеніші № 67 шахтада маркшейдер бөлімінде тау-кен жұмыскері болып бастаған екен. Кейін осында телім маркшейдері болып келіпті.
2006 – 2008 жылдар аралығында келісім-шарт бойынша әскер қатарында болды. Ал, 2008 жылдың соңына қарай «Нұрқазған» кенішінде еңбек жолын телім маркшейдері болып жалғастырды. 2011 жылдан бастап бас маркшейдер болып қызмет етіп келеді. Қанатбек Оңғарбайұлының саладағы іскерлігінің нәтижесі оны осы жауапты қызметті абыройлы атқаруға ықпал етті. 2014 – 2015 жылдар аралығында «Қарағандытүстімет» ӨБ де бас маркшейдер қызметін атқарды. Мамандығына машықтанған маркшейдерлердің еселі еңбегі бүгінде Қарағанды өңіріндегі кенішті алға қарай оздырып келеді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.