«Нұрқазған» кеніші әкімшілігі мен «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті бірлесіп Ұлы отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағанбетовтің 100 жылдығына, 7 мамыр – Отан қорғаушы және 9 мамыр – Жеңіс күніне орайластырып футболдан біріншілік ұйымдастырды.
Өткен ғасырдың 40-жылдарындағы қан қасап қырғында батырлығымен көзге түскен Сағадат Қожахметұлының ерлігін жастарға дәріптеп, Отанға деген патриоттық сезімді нығайтуға бағытталған ала доп бәсекесінің ашылуында сөз алған кеніш директоры Мұқан Үңгітбаев Ұлы Отан соғысындағы аталар ерлігі ұрпақ үшін ұмытылмауға тиістігін айта келіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Кеніш еңбеккерлері арасындағы біріншілікке 13 команда қатысып, іріктеуден өткен 7 команда ақтық бәсекеде бақ сынады. Қызу да тартысты өткен біріншілікте маркшейдерлік бөлім жеңімпаз атанды. Бұл командаға 100 мың теңге сыйақы берілді. ІІ орынға тігілген 70 мың теңгені әкімшілік басқарманың бірінші командасы еншілесе, әкімшілік басқарманың екінші командасы ІІІ орынның 50 мың теңгесіне ие болды. Үңгілеу теліміне ІV орын лайық деп танылды. Бұл командаға 30 мың теңге көлемінде сыйақы берілді. Біріншілікте «Үздік қақпашы», «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы», «Үздік киім» номинациялары бойынша да жеңімпаздар анықталды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.