Еліміздегі республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы үшінші аптаны қортындылады. Табиғатты аялау мен қорғауға арналған науқанның алғашқы аптасы «Таза өлке» деп аталса, екінші сенбісі «Киелі мекен» аталды. Ал, өткен сенбідегі үшінші «Жасыл аймақ» аптасы аясында Жезқазғанда белсенді жұмыстар одан әрі жалғасты.
Табиғатты қорғау мен пайдалану – адамзат баласының айнымас борышы. Таза Қазақстан Экологиялық акциясының «Жасыл аймақ» апталығы өңірдегі барлық қала-ауданда нәтижелі өткізілді. Облыс орталығында өткен шараға облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен Парламент мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалдин арнайы қатысты. Акцияда жезқазғандықтар белсенділік таныта білді…
– 15 локациядан аса жерде тал отырғызылды. Қаламызды абаттандыруға, көркейтуге атсалысу борышымыз деп санаған қала тұрғындары бұл акцияға белсене қатысты. Біз талдарды суару жүйесі бар жерлерге ектік, – деді Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Ербол Құсайынов.
Шаһарымыздағы № 3 мектеп ауласында ағаш егу науқанының басты кейіпкерлері ата-аналар мен оқушылар болды. Берері мол шараға Сейтмағзұм ақсақал қос немересінің өтініші бойынша келген. «Жүзжылдығыңды ойласаң – тал ек» деген тағылымды ұстаным еткен қария ұрпақтарына өнеге көрсетті.
«Жасыл аймақ» апталығы №8 гимназиясында да ұйымдастырылды. Жезқазған мен аталған оқу ордасының 70 жылдығына орай «70 жылдыққа – 7 қадам» жобасы аясында өткен шараға қала әкімінің орынбасары Ербол Құсайынов пен қалалық мәслихат төраға Раушан Қапарова, ұстаздар мен ата аналар және оқушылар қатысты.
Мұнда ағаш егу жұмыстары 1-сынып оқушыларының аллеясында өтті. Балаларды еңбекке баулу мақсатында әр оқушы өздері отырғызған ағашты ата-аналарымен бірге суарып тұрмақ…
Сондай-ақ, № 1 жалпы орта білім беретін мектеп ұжымы да ағаш шараларын жоғары деңгейде өткізе білді. «Отбасы ағашын отырғыз» деген атау алған жобаға ата-аналар қауымы қолдау білдірген. Аталған апталық шеңберінде Қаладағы барлық мектептер мен балабақшалардың аумағына – 1475, саябақтар мен алаңдарға – 1150, қала көшелері мен тұрғын үйлердің ауласына 725 көшет егілді. Бас аяғы үш мыңға жуық ұлытаулық белсенділік танытқан экологиялық акцияда № 4 мектеп ұжымы да ұйымшылдықтың ерен үлгісін көрсетті. Мұндағы шараға «Қазақмыс Смэлтингтің» қызметкерлері мен облыстық мәслихат депутаттары да өз үлестерін қосты.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.