Биыл Балқаш мыс балқыту зауытының шихта дайындау цехы өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтуде. 1974 жылы негізі қаланған цех уақыт өте келе зауыттың ажырамас бөлігі мен мыс өндіру процесінің негізгі буынына айналды.
Балқаш мыс балқыту зауыты бес негізгі цехтан тұрады. Солардың бірі – шихта дайындау цехы. Дәл осы жерде Корпорация мақтан тұтатын катодты мыс өндірісі басталады. Мұнда компанияның әртүрлі кеніштерінен концентраттардың – 9, сондай-ақ, басқа компаниялардан да 9 түрі жеткізіледі. Цех жұмысының негізгі міндеті – әкелінетін шикізаттан шихта дайындау және оны Ванюков пешіне тарату.
Шихта дайындау цехы үш учаскеден тұрады:
- Құрамында арнайы техникасы бар шикізат дайындау учаскесі: ҚР МТ жартылай вагондарынан алып келінетін концентраттарды, көмірді, флюстер мен кенді қабылдау және түсіруді жүргізеді.
- Кептіру учаскесі: ҚР МТ жартылай вагондарынан алып келінетін концентраттарды, флюстерді механикаландырылған жүйе арқылы түсіру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, барлық концентратты кептірумен және оны қатарға салу немесе аралық қоймаға төгу үшін келесі учаскеге беру қызметін атқарады.
- Шихта ұсақтау учаскесі: кенді, шлактарды конвертерге бере отырып ұсақтаумен және балқыту агрегаттарына беру үшін штабельді шихтарникте және аралық қоймада шихтаны дайындаумен айналысады.
Шихта дайындау цехында өндіріс процесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін әртүрлі кәсіптер мен мамандықтарды қамтитын 450-ден астам еңбеккер істейді. Олар: кран машинистері, шихталаушы, бункерлеуші, тасымалдаушы, ұсатқыш, тиегіш, слесарь-жөндеушілер, электрмонтерлер, экскаватор, компрессор мен бульдозер машинистері, тиегіш жүргізушілері және тағы басқалары. Еңбеккерлердің күш-жігері мен кәсібилігі – цехтың табысты жұмысының негізі.
– Шихта дайындау цехындағы жұмыс жоғары жауапкершілік пен дәлдікті талап етеді, өйткені өндірілген мыстың сапасы мен көлемі шихтаның дұрыс дайындалуына байланысты, – дейді Балқаш мыс балқыту зауыты кептіру учаскесінің шебері Дәулет Беймағамбетов.
Дәулет Беймағамбетов өзінің еңбек жолын 1999 жылы цехтың шикізат дайындау учаскесінде жүк тиеуші ретінде бастаған. Осында жұмыс істей жүріп, жергілікті техникумды аяқтап үлгереді. Ал 2007 жылы шихта дайындау цехының кептіру учаскесінің шебері лауазымына тағайындалды.
Цехта әр қызметкердің өз орны мен міндеті бар. Олардың ауысымы 12 сағатқа созылады. Осы уақыт ішінде әртүрлі шикізаттың 30 вагонын қабылдап, крандар арқылы жерге түсіру және пропорцияларды сақтай отырып, концентратты кептіру барабандарына жіберу керек. Осылайша, бір жыл ішінде жеткізілетін шихтаның көлемі 1 400 000 тоннадан асады.
– Оңай болып көрінгенімен, бұл – ондаған адамның артында тұрған үлкен жұмыс. Мысалы менің басшылығымның өзінде 30-дан астам адамнан тұратын үш ауысым бар. Біздің қызметкерлеріміз барлық жерде жұмыс істейді: жер үстінде, кранның кабиналарында, вагондар мен айналмалы механизмдердің алдында. Сондай-ақ, цех біртұтас команда ретінде бірге әрі кешенді жұмыс жүргізетінін атап өткім келеді. Онсыз табысқа жету және норманы орындау мүмкін емес, – дейді Дәулет Беймағамбетов.
Бүгінгі таңда цех қызметкерлерінің орташа жасы – 30 жас. Жаңа буын аға буыннан жылдар бойы жиналған білімдері мен тәжірибелерін қабылдап, өз еңбек жолында қолданады. Біздің кейіпкеріміздің пікірінше, әрбір балқаштық тұрғын зауытқа жұмысқа орналасуға тырысады.
– Қазір бұрынғы күнге қарағанда салыстыруға тұрарлық жағдайлар көп. Мысалы, 1999 жылы біз жұмысқа өз киімімізбен келсек, қазір зауыт әр қызметкерге арнайы форма, жеке қорғаныс құралдарын ұсынады. Сонымен қатар жақсы тамақтану мен санитарлы-тұрмыстық үй-жайлар жүйесі, бәсекеге қабілетті жалақы мен мансаптық өсу қамтамасыз етілген. Бұл жастарды қызықтырады және алға жетелейді, – деп қорытындылады Дәулет Беймағамбетов.
Айта кетейік, соңғы жылдары цехтағы конвейерлерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңашаланды. Бұл өндірістік процестерді жақсартуға және тиімдірек жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, жұмысшылардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін цехта тазарту қондырғылары да орнатылды.
Осы орайда цехтың жаңа жұлдызы – «Балқаш жолбарысы» деген лақап атпен танымал Ернат Асанұлы жайлы айта кетейік. Жыл басында цехтың ұсақтау-шихта учаскесінің бункерлеушісі «Nomad fighting» жұдырықтасу лигасында чемпион атанды.
– Мен зауытта алты жылдан бері жұмыс істеп келемін. Жұмыс қиын және жоғары жауапкершілікті талап етеді. Бірақ бос уақытымызда әркім өз хоббиімен шұғылданады. Мысалы, футбол, КВН, шахмат, әлеуметтік белсенділік. Бізде еңбеккерлердің бос уақыты сапалы өтуіне ерекше көңіл бөлініп, барынша салауатты өмір салтын насихаттайды. Мен бала кезімнен бокспен айналысып, есейе келе тоқтаттым. Ал спортқа қайта оралу туралы шешім қабылдағанда, басшылық пен әріптестер үлкен қолдау көрсетті. Бұл мен үшін маңызды еді, сондықтан болашақ жеңістерімнің бастауы болды десем, қателеспеспін, – дейді Ернат Асанұлы.
Ернат зауытта 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Ол бункерлеуші болуды армандамаса да, осында кәсіби және өмірлік жаңа достар мен тәлімгерлер тапты, өзінің дара жолының бастауын құрды.
– Әр ауысымда біз алкотестілеуден өтеміз, жеке қорғаныс құралдары бар-жоғын тексеріп, тапсырмалар аламыз және өз учаскемізге барамыз. Мен бекітілген жүйені тексеруге, бункерге қызмет көрсетуге, кемшіліктер мен ақауларды анықтауға және оны шеберге хабарлауға жауаптымын.
Осы орта жылдар өте келе менің үлкен отбасыма айналды. Себебі, мұнда бірлік болмаса жұмыс өнбейді. Бұл жолда үлкендеріміздің орны ерекше, себебі олар ғасырлар бойы жалғасатын ұрпақ сабақтастығын қалыптастаруға зор үлес қосуда. Менің де мансабым басталғанда зауыттың аға буыны қолұшын созып, бар кеңестерімен бөлісті. 50 жыл ішінде цех қызметкерлердің бірнеше буынын ауыстырып, өзінің табысты жұмысын жалғастырып келеді. Мен тамыры тереңге жайылған тарихтың бір бөлігі болғаныма қуанамын, – деп қорытындылады Ернат Асанұлы.
Шихта дайындау цехының мерейтойы – тарихты еске алып, жеткен жетістіктерді бағалауға және болашаққа жоспар құрып, үздіксіз дамуға тағы бір көз жүгіртуге тамаша себеп. Зауыт жұмысшылары цехтың қуаты мен өнімділігі жыл сайын арта түсетініне сенімді. Бұған жұмыс процестеріне біртіндеп енгізілетін технологиялар мен цифрландырудың дамуы ықпал ететін болады.
Кazakhmys Smelting Бас директоры Жәнібек Байғабелов цех қызметкерлерін мерейтоймен құттықтап, қойылған мақсаттарға қол жеткізулеріне тілектес:
– Құрметті шихта дайындау цехының ұжымы! Сіздерді атаулы мереке – 50 жылдық мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Жарты ғасыр бойы Сіздердің еңбектеріңіз біздің кәсіпорынның өндірістік жетістіктері үшін сенімді негіз болып келеді. Күн сайынғы жоғары кәсіпқойлық, жауапкершілік және адалдықтарыңыз үшін алғыс білдіремін!
Сіздердің білікті қызметтеріңіздің арқасында кез-келген қиындықтағы тапсырмаларды сәтті орындап, өнімдеріміздің сапасын үнемі арттырып келеміз. Біздің өркендеуіміз бен дамуымызда алатын орындарыңыз мен үлестеріңіз орасан зор.
Сіздерге табыс, кәсіпте тұрақтылық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Әрбір жаңа күн Сіздерге сенімділік әкеліп, қуанышқа толы болғай. Біз біріксек, алынбайтын қамал жоқ. Үлкен жетістіктерге бірге жетіп, жарқын жобаларды жүзеге асыра берейік, – деп цехтың зор келешегіне деген жарқын сеніммен түйіндеді ол арнау сөзін.
«Қазақмыс» Смэлтинг» ЖШС баспасөз қызметі.