Жезқазған қаласының 70 жылдығына орай облыс орталығында «Жайдарман» ойындарының облыстық жоғары лигасының ақтық кезеңі өтті. Қалжыңнан қуырдақ қуырған жайдарманшылардың ойыны командалар арасында тартысқа толы болды.
Жастардың мұндай ойынына тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы үнемі қолдау білдіріп келеді. Бұл жолы да ұйым дәстүрден жаңылған жоқ. Жезқазғанның әзіл-сықаққа жақын ұл-қыздарын кәсіподақ жоғары лигада да қолдады. Облыста өнердің осы бір түрін жаңғыртуға үлес қосу мақсатында «КәсіпҚорған» кәсіподағының атынан арнайы жүлде тағайындалды.
Биылғы жылғы ойында ұйымның ІІ орынға тігілген 200 мың теңгелік жүлдесін «ЖезУ» құрама командасы жеңіп алды. Көңілді күлкімен жадыратқан жайдарманшыларымызға алдағы ойындарда да сәттілік тілеген кәсіподақтың Жезқазған филиалы жұмыстарды үйлестіру бөлімінің басшысы Бейбіт Қазиев жүлдені табыстады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.