«Қазақстанды кітап оқитын елге айналдырамыз!» Осындай ұранды ұстаным еткен «Кітап AL» кітап дүкені Ұлытау облысының орталығында да ашылды.
«Адамды адам еткен –кітап, адамзат еткен – кітапхана». Атақты Әбіш Кекілбайдың осынау аталы сөзі – бүгінгі қоғамда да өзекті. Телефонға телмірген заманда – 2500-нан асатын кітап қоры бар кітап дүкенінің ашылуы Ұлытау облысының рухани әлеуетіне тың серпін болады деп күтілуде. Аталған дүкеннің ашылуына облыс әкімі арнайы қатысты.
– Бәріміз осы кітап оқып өстік. Әрқашанда адамның өзінің сүйікті кітабы болады. Бірнеше рет оқитын кітабы болады. Сол сияқты кітап деген адамға әрқашан серік. Жас ұрпақты тәрбиелеуде кітаптың орны өте зор , – деді өңір басшысы ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.
Заманауи үлгіде безендірілген ғимаратта коворкинг орталығы мен кітап оқуға арналған орындар да қарастырылған. Кітап дүкеніне Берік Әбдіғалиұлы қолтаңбасын қойып, авторлық жинақтарын тарту етті. Дүкен иесі қолға алған жобасындағы бірінші мақсат кітапқа құмар ұрпақтың қатарын көбейту дейді.
Айта кетейік, кітап дүкені Ғарышкерлер бақжолы, 32 «а» мекенжайында орналасқан. Дүкен басшылығы болашақта мұнда оқырмандар үшін шағын кофехана қарастыруды да жоспарлауда.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.