Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1990 жылғы ақпанның 14-індегі Қаулысымен мектебімізге академик Қ. И. Сәтбаевтың аты берілді. Білім ұясының ұлы ғалым есімін иемденуіне қарсақбайлық байырғы жұмысшылар ұйытқы болды.
№ 7 орта мектеп Жезқазған қаласындағы 6-шағынауданда жаңадан салынып, 1979 жылы шәкірттеріне есігін алғаш рет ашқан еді. Соның алдында ғана Қарсақбай мыс зауыты жабылып, жұмыскерлерінің басым бөлігі осы ауданға қоныстандырылған болатын. Олардың балалары осында оқып жатты. Мектептің мұғалімдері мен ата-аналары арасында тығыз қарым-қатынас орнайтыны белгілі. Олардың бел ортасында қарсақбайлықтар да болды. Байырғы жұмысшылар қазақ халқының біртуар дара тұлғасы, Жезқазған қаласының іргесін қалаушы Қ. И. Сәтбаевтың туғанына 90 жыл толуы қарсаңында білім ұямызда жиі ұйымдастырылған іс-шараларға белсене қатысты. Сондай бір ұлағатты басқосуда құрметті қонақтар мектебімізге Қаныш есімін беру туралы ұсыныстарын ортаға салды. Сөйтіп қарсақбайлық бір топ жұмысшылары атынан сол кездегі Жезқазған облыстық атқару комитетіне осы өтінішпен хат жолдады.
Олардың бұл бағалы бастамасы мектеп ұжымы тарапынан қызу қолдау тапты. Білім ошағының алғашқы басшысы Тамара Байзақова болашақ жас ұрпақты академик Қ. И. Сәтбаевтың өмірі мен еңбегін үлгі тұта отырып тәрбиелеуді мұғалімдер алдына міндет етіп қойды. Мектеп директоры бұл кең ауқымды іс-шараларға жетекшілік етуді өзінің оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары ретінде маған жүктеді. Осылайша ұлы ғалымның туғанына 90 жыл толуы қарсаңында мектебімізде Қ. И. Сәтбаев мұражайы ашылды.
Осындай іс-шараларды ұйымдастыру барысында қарсақбайлық еңбек ардагерлерінің, қарапайым еңбек адамдарының Қаныштай дара тұлғаға деген ыстық ықыласы мен құрметінің ерекше екеніне тәнті болдық. Сол бір аяулы кісілердің есімдерін бүгін тебірене еске аламыз. Олар Хамит Қожабергенов, Қойшыбек Доспанов, Смағзұм Салқауов, Айтмағамбет Битенов, Тағамбай Салхауов, Тұрсын Маударбеков, Оразалы Мейрамов еді. Өздерінің қоныстары қаланың әр тұсында болса да балаларын, кейін немерелерін мектебімізге жетектеп әкелуші еді. Мектеп оқушыларымен өткен кездесуде: «Сендер – Сәтбаевтың ұрпақтарысыңдар. Сендер Қанекеңнің есіміне сай үлгілі болыңдар» деп балаларға өсиет айтушы еді.
Мектеп мұғалімдері ұжымы да академик есімін ардақтай білді. Үздіксіз ізденіс пен қажырлы еңбектің нәтижесінде 2001 жылы білім ошағымыз «мектеп-лицей» мәртебесіне ие болды. «Білім мекемелерінің тәрбие жүйесі жобаларының IV республикалық байқауында І орынды (2002 ж.), мектептегі Қ. И. Сәтбаев атындағы мұражайы Қарағанды облыстық мұражайлар байқауында ІІ орынды (2006 ж.), «Азаматтану» курсы бойынша республикалық турнирде І орынды, жаңашыл мектеп ретінде «Жылдың үздік мектеп» атағын 4 рет иеленді. Кезінде республикадағы ең үздік мектептер қатарынан танылғанымыз – біз үшін айта жүрерлік зор мақтаныш.
Ең бастысы, біз білім ошағымыздың «Академик Қ. И. Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицей» деген атауын әрдайым асқақ үнмен айтуды ұстандық. Жоғары сынып оқушыларына «Сәтбаевтану» пәні арнайы оқытылды. Айтулы тұлғаның тұнып тұрған ғибратты өмірін бала жүрегіне ұялататындай түрлі іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылды. Оқушыларымызды дәл сол кісідей ғалым-геолог болмаса да, Қаныш Имантайұлындай халқын қастерлеген, ұлтын құрмет тұтқан азамат тұрғысында тәрбиелеу басты қағидамыз болды.
Нурия ЖҰМАЖАНОВА, «Құрмет» ордені мен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.