1983 жылы біздің елде және әлемде алғаш рет сұйық ваннада балқыту қондырғысы – Ванюков пешін салу туралы шешім қабылданды. Күрделі жұмысты «Қазцветметремонт» ұжымы өз жауапкершілігіне алып, кабельдерді ауыстыруды бастап кетті.
Балқыту қондырғысына кернеу беру үшін кабельдерді цехтың конвертер жағынан балқытуға ауыстыру қажет болды. Мәселенің шешімін табу үшін құрылысшылар жұмыс істеп тұрған цехтың 18 500 метр биіктігінде еңбек етті. Газдану жағдайына қарамастан кронштейндер дайындалып, платформалар орнатылды. Бұл бірегей және тәуекелге толы жұмысты «Қазцветметремонт» монтаждау басқармасы, зауыттың мыс балқыту цехының жөндеу шебері Филипп Филиппович Ложечников жүргізді.
Ал 1985 жылы «Прибалхашстрой» және «Қазмеханомонтаж» басқармаларының күшімен ВП-1 агрегатының құрылысы басталды. Бұл уақыттағы үлкен жұмысты БГМК бас механигі Н. П. Гарипоглы абыроймен атқарып шықты. Сондай-ақ, шихта дайындау цехында ВП-1 агрегатын шихтамен қамтамасыз ету үшін штабельді шихтарник құрылысы жүріп жатты. ВП-1 агрегатын салу және игеруге мыс балқыту цехының механигі В. В Апанович және жабдықтарды жөндеу шебері М. М. Махсутов белсенді қатысты. Бірақ 1986 жылы балқыту агрегаттарынан берілетін штейн мөлшерінің ұлғайып, түрлендіргіштердің жұмыс учаскесі тоза бастады. Осыған байланысты БМЗ бас механигі бөлімі оларды ауыстыру туралы шешім қабылдады. Айта кету керек, бұл уақытта цехта ауыр жүк көтеруге арналған жылжымалы крандар болмады.
Алайда, «Қазцветметремонт» басқармасы екі көпір краны мен арнайы L-тәрізді конструкцияның көмегімен кран астындағы арқалықтарды ауыстырудың бірегей жобасын әзірледі. Бұл жұмыстар 1986 жылдың соңына дейін жүргізілді. ВП-1 қондырғысы 1986 жылы іске қосылды. Бірақ 1986 – 1998 жылдар аралығында қондырғы тұрақты түрде жұмыс істемегендіктен, жылына 2 күрделі жөндеу жүргізуге тура келетін.
Кейін конвертер учаскесінде аспирациялық құрылғыларды орнату жұмыстарын бастадық және бірінші кезеңді 2000 жылы аяқтадық. Бұл жобаны БМЗ бас механигі С. К. Шахжанов жүргізді. Аталмыш кезеңде зауытты Д. И. Байқуатов, Мыс балқыту цехын Т. А. Қалиев басқарды. Өндіріс режимін жақсарту үшін конструкторлық-жобалау бөлімі ГД-20/500У – түтін сорғыш қондырғысының көмегімен конвертерлерден газ алу жобасын жасап шықты.
БМЗ-да 2002 жылдан бастап ВП-1 агрегаты және ОП-3, ОП-4 пештері жұмыс істеп тұрғанына қарамастан, бай концентрат мөлшері төмен болды. Сондықтан мыс зауытының өнімділігін арттыру үшін екінші балқыту қондырғысын – тағы бір Ванюков пешін салу туралы шешім қабылданды.
ВП-2 қондырғысының құрылысы 2004 жылы рекордтық қысқа – 12 айға жуық мерзімде аяқталды. Құрылыс-монтаждау және энергетика жұмыстарын О. К. Дүйсембаев жалғыз өзі басқарды. Ол тәулік бойы жұмыс орнында болып, құрылысты қатаң қадағалауда ұстады. Механикалық монтаждау жұмыстарын Ж. Т. Жұматаев басқаруындағы мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасының ұжымы атқарды. Осындай өз ісінің шеберлері мен нағыз еңбек адамдарының арқасында агрегат ең қысқа мерзімде салынып болды.
Алайда, мұнымен өндірістегі мәселелер аяқталмады. ВП-2 іске қосылғаннан кейін қалдық газдардағы күкірт мөлшері артты және күкірт қышқылы цехын салу қажеттілігіне әкелді. Жаңа күкірт қышқылы цехы 2008 жылы іске қосылды. Оның басшысы болып Е. Н. Бурамбаев, аға механик ретінде К. А. Қасенов тағайындалды.
Осыдан кейін тағы бір шешілмеген маңызды жоба – бөлінетін газ мөлшерін азайту мәселесі ашық қалды. БМЗ директоры М. С. Бекенов және цех механигі В. Н. Калугиннің жеке бақылауымен конвертерлерге сүзгі орнатуға арналған жоба жасалды.
1983 жылы алғашқы Ванюков пешін орнатудан басталған бұл жол – зауыт үшін тарихи сәттер мен маңызды әрі сәтті жобаларға толы болды.
«Kazakhmys Smelting» ЖШС Бас директоры Жәнібек Байғабелов:
– 1983 жылы жасалған бұл қадам тек техникалық жаңалық емес, біздегі инновациялық жаңалықтардың басталу жолы деп білемін. Осы жылдар ішінде Ванюков пеші біздің қызметкерлеріміздің асқақ рухының, табандылығы мен дамуға деген шексіз ұмтылысының символына айналды. Бұл кезеңде зауыттың әрбір қызметкері өндірістің әлеуетін дамытуға және нығайтуға өзінің қайталанбас үлесін қосты.
Мен аға буын өкілдерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында абыроймен өткерілген жолдағы жетістіктерге мақтанышпен қараймын және болашаққа олардан үлгі ала отырып, жоспар құруға тырысамын. Біз өткеннің даңқты дәстүрлерін сақтап қана қоймай, ұлғайтып, Kazakhmys Smelting-тің жаңа технологиялық дәуірін бастадық. Ванюков пеші – өндірістің бір бөлігі ғана емес, біздің тарихымызды, бүгінімізді бейнелеп, жарқын болашаққа есік ашты. Ал қазір біз үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, тұрақты сеніммен жарақтандыруға қадам басудамыз, – дейді.
Қорытындылай келе, осы өндіріс үдерістерінің барлығын өз көзіммен көріп, тарихи сәттердің куәсі болғанымды мақтан тұтамын. Зауытымызға жаңа инновациялардың енгізілуіне, дамуына, жыл сайын өрісінің кеңеюіне өзімнің тамшыдай болсын үлесімді қосқаныма қуаныштымын. Өткен күннің қиындықтары мен бүгінгі заман талабына қарамастан «Kazakhmys Smelting» Қазақстан және әлем бойынша металлургия саласындағы үздіктердің қатарында және өзінің нық орнын сақтау жолында үздіксіз қызмет етіп келеді.
Мемлекеттің экономикасы үшін зор үлес қосып, мыңдаған адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған өндірісіміз өркендей берсін!
Талғат Каримов, «Kazakhmys Smelting» ЖШС бас механигі.