Қазақстанның мейрамхана нарығында бәсекелестік күшейіп келеді. Рестораторлық кәсіпке ден қойғандардың қатары артуда. Алайда оны жүргізуде қиындықтардың да болатыны белгілі. Осы ретте қаламызда «Мейрамхана бизнесінің ерекшеліктері» тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Ел қазынасын еселеп отырғандардың басым бөлігі – мейрамхана бизнесімен айналысатын жандар. Әрине, мейрамхана ашу үшін сіздің жоғары біліміңіз болуы шарт емес, тек оған құятын қаражат пен бизнес-жоспарыңыз болса, жеткілікті. Табысқа шыққыңыз келсе, тәжірибе тағы керек. Ол үшін сол саланың ішінде жүріп даяшылық қызметте болуыңызға әбден болады. Семинар-тренингті Қазақстандағы алғашқы мейрамхана мектебінің негізін қалаушы Сейтжан Оспанов жүргізді. Оған 20-дан астам адам қатысты.
– Мейрамхана бизнесміен айналысатындар өз ісіне адал және өзінің ісін сүю керек деп ойлаймын. Мәселен, Грузияда халық саны 3,5 млн ғана. Бірақ жылына 9 млн турист барады. Біздің елде 20 млн халық тұрады. Сондай-ақ біз өте қонақжай халықпыз ғой. Бірақ туристердің ағымы төмен. Демек біз мейрамаха ісін жоғары деңгейге жеткізуіміз керек. Себебі қайда барсақ та алдымен тамақтанатын жер іздейміз. Сол арқылы біз өзімізді көрсете аламыз, – дейді алғашқы мейрамхана мектебінің негізін қалаушы Сейтжан Оспанов. – Мейрамханаға келуішлердің көбі қызмет көрсету сапасына аса мән береді. Сондықтан үстелдегі шанышқыңыздың өзі тәртібімен қойылуы керек. Бәскелестік болған жерде, бизнес өрлейді. Демек, қызметкерлер деңгейін арттырып отыру маңызды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.