Жезқазғандықтар кезінде бұл медициналық білім ордасын «Сәтбаев училищесі» деп атайтын. Олай деудің әбден реті бар. Өйткені жапан далада Жезқазғандай қала орнатқан ғұлама ғалым-геолог Қаныш Имантайұлы осы мамандар ұясын ашуға да тікелей ықпал етеді. Бұл медициналық училище мысты қаладағы кадрлар даярлайтын тұңғыш оқу орны болғандығымен де даңқты.
Ғұлама ғалым шапағаты
Сәті түскен ол оқиғаны көнекөз қарттар жыр қылып айтып кеткен. 1961 жылдың сәуір айы болатын. Сол жолы Ғылым академиясының көшпелі сессиясы Жезқазған қаласында өтеді. Жиында Жезқазған мысты аймағын игеру мен дамыту мәселесі кеңінен талқыланды.
Сессияны ұйымдастырған да, жиынды бастан-аяқ жүргізіп отырған да Қазақстан Ғылым академиясының президенті, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі Қ. И. Сәтбаев еді. Алқалы жиын барысында Үлкен Жезқазғанға қатысты барлық өзекті мәселелер қозғалады. Соның бірі ретінде медициналық кадрлардың, әсіресе орта буын мамандардың тапшылығы сөз болады. Сонда зор бедел иесі Қаныш Сәтбаев Жезқазған қаласында медициналық оқу орнын ашуға көмектесуге уәде береді.
Қашанда айтқан сөзінде тұратын абзал жан онысынан бұл жолы да айнымады. Бір ай өтпей жатып, дәлірек айтқанда, 1961 жылғы мамырдың 20-сында ҚазКСР Минис-
трлер Кеңесінің Жезқазған медициналық училищесін ашу туралы өкімі шықты. Жезқазғандықтар қуанышты хабарды естіп, Қанышқа риза болысты. Адам денсаулығынан артық не бар. Сол баршаның дені сау, басы бүтін болуы үшін тер төгетін шипагерлердің өмірде алар орны ерен. Осы орта буын медицина кадрларын даярлауға тигізген Қаныш шапағатына жұрт сүйсінген. Абзал жанға қамқорлығы үшін телегей теңіз алғыс жаудырған. Осы кадрлар ұстаханасын ауыздарынан тастамай «Сәтбаев училищесі» деп аса бір жылылықпен атаулары да сондықтан.
Жезқазған қаласында ашылған тұңғыш училище ұжымы Қаныш Сәтбаев аманатына адалдық таныта білді. Жер бетіндегі аса бір ізгі мамандық иелерін даярлауға алғашқы тәлімгерлер белсенділік танытты. Алғашқылардың жүгі ауыр болғаны анық. Бұл игілікті іске жол салушылар сырттан келген жоқ. Олар осы қаладағы аурухана мен емханалардағы денсаулық сақтау саласының қызметкерлері еді. Олар екі бірдей жауапты жұмысты уақытпен санаспай қатар атқарды. Өздерінің дәрігерлік міндеттерін жас кадрды оқытып-тәрбиелеу ісімен қоса жүзеге асырды. Ұлағатты іс осындай-ақ болар.
Тағлымды тәлімгерлер
Бүгінде 63 жылдық тарихы бар мамандар ұясының жүріп өткен жолын, сол жолда аянбай еңбек еткен абзал жандардың бәрін түгелдей баяндап шығу бір мақалада мүмкін емес. Әйткенмен оқу ордасының «Құрмет кітабы» өткен жылдардан көп сыр шертеді. Бұл кітапты ұжым бойтұмардай қастерлеп, қадірлеп ұстайды. Өйткені онда өз құрметтілерінің есімдері жазылған, фотосуреттері бейнеленген. Мәселен, «Құрмет кітабына» алғашқылардың бірі болып есімі жазылған тәлімгер Антонина Андреевна Брылина – 1962 – 1967 жылдар аралығындағы хирургия пәнінің оқытушысы, 1963, 1964, 1965 жылдардағы медициналық училище Мемлекеттік емтихандар комиссияларының төрағасы. Кейінірек Қарсақбай аудандық, Жезқазған кентіндегі ауруханаларының бас дәрігері, Жезқазған қалалық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болған. Жоғары санаттағы дәрігер-хирург. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігері, КСРО денсаулық сақтау үздігі. «Құрмет Белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен екі рет марапатталған. Жезқазған және Сәтбаев қалаларының Құрметті азаматы.
Училищенің 15 жылдығына орай «Құрмет кітабына» Өмірбек Мұқанұлы Мұқановтың есімі жазылыпты. Ол – Жезқазған медициналық училищесінің алғашқы директоры (1961 ж. – 1967 ж.). Дәрігер-хирург Қарсақбай аудандық аурухананың бас дәрігері, аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, Жезқазған қалалық № 1 аурухананың хирургия және травматология бөлімдерінің меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары, Жезқазған облысының бас хирургі еңбек жолын өткерген. Медицина ғылымдарының кандидаты. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігері, КСРО денсаулық сақтау үздігі, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.
Училищенің сол 15 жылдығына орай «Құрмет кітабында» Сара Жұмабекқызы Баймағамбетованың да атап өтілуі тегіннен-тегін емес. Ол училищені «Фельдшер» мамандығы бойынша 1965 жылғы үздік бітірген түлегі екен. Жоғары медициналық оқу орнын бітіріп келген соң № 1 Жезқазған қалалық ауруханада дәрігер бола жүріп, орта буын медицина қызметкерлерін даярлауға сүбелі үлес қосады. ҚазКСР денсаулық сақтау үздігі.
Мәңгі есте сақтау мақсатында училищенің алғашқы оқытушыларының бірі, ҚазКСР-інің еңбек сіңірген дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, Ленин орденді Қоңыратбек Құрманбайұлы Құрманбаевтың есімі Жезқазған қалалық мәслихатының 2000 жылғы шешімімен көшеге берілді.
Қаланың денсаулық сақтау ісін дамыту мен қалыптастыруға қосқан айрықша үлесі үшін училище оқытушылары Дүйсебай Ахметұлы Ахметов пен Зәбира Тайқызы Әбеноваға, Полина Павловна Дасковская мен Нәби Ранұлы Рановқа «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атақтары берілсе, ал Тыныштықбай Жүнісұлы Байменов пен Лариса Ивановна Гузенко, Светлана Әмірханқызы Жұмабекова мен Эльке Смағұлқызы Қазбекова, Қуанышбек Берлібекұлы Қаппасов пен Татьяна Григорьевна Чернявская, Галина Тимофеевна Майш пен Зікрия Абтайырұлы Жанысбаев «КСРО денсаулық сақтау үздігі» атанды.
Сондай-ақ оқу орнының бірнеше толқын оқытушылары М. Т. Таңқыбаев, М. Е. Есенғалиева, А. Т. Оразбекова, Б. А. Қалиева, Р. Б. Бөлегенова, Л. А. Алимбетова, З. С. Райханова, Г. А. Көшекова, Н. С. Ким, Л. Н. Ранова, Қ. Ж. Ақпанбекова жоғары кәсіби біліктілігімен тағлымды тәлімгерлер ретінде құрмет пен қошеметке бөленген.
Жылдар жемісі
Жезқазған қаласындағы бұл тұңғыш училищенің алғашқы түлектері 1963 жылғы маусым айында бітіріп шықты. Биыл оның шаңырақ көтергеніне 63 жыл толып отыр. Арада өткен жылдар жемісі айтарлықтай. Училище алғашқы онжылдықта қалыптасу кезеңінен өтті. Оқу-материалдық базасы нығайды. Мұның өзі 1971 – 1981 жылдардағы оқу процесінің 4 мамандық бойынша жүргізілуіне мүмкіндік берді. Атап айтқанда, фельшерлік іс, акушерлік, жалпы салалы мейірбике, балалар мейірбикесі мамандықтары бойынша жас кадрлар даярлау саны да артты. 1978 жылы екі жатақхананың пайдалануға берілуі қаладан сыртқары жерлерден келген жастарды оқуға қабылдауға кең жол ашты. 1988 жылы орта білім негізінде тіс техниктерін даярлайтын топқа оқушылар қабылданды.
Оқу орны өмірінде 1990 жылы айтулы оқиға болды. Бірінші рет тұтастай оқу процесі қазақ тілінде жүргізілетін топтар ашылды. Училище оқытушылары мемлекеттік тілдегі пән оқулықтарын өздері жазды. Ұжым өзара кеңесе келіп, орта буын медицина қызметкерлерін «мейірбике» атауға ұйғарысты. Шын мәнінде, олар осы атқа әбден лайықты. Ақ желеңді абзал жандардың бойындағы жан жылуы, ыстық ықыласы, ерік-жігері адамға деген мейірімділігімен ұштасқан. Жанашырлық пен мейірімділіктен туындаған ем де шипалы болмақ. Денсаулық сақтау саласындағы небір білікті де тәжірибелі дәрігерлердің бағалауынша, науқастарға жасалар күтім мен ем-домның 80 пайыздық іс-әрекеті осы мейірбикелерге тиесілі екен. Міне, бұл білім ошағы осындай ізгі мамандық иелерін даярлауымен де даңқты.
Иә, медицина саласында мейірбикелердің алар орны зор. Осы кадрларды даярлау ісіне Жезқазған медициналық оқу орны лайықты үлес қосып келеді. Бұл болашақ мамандар ұясы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен 1996 жылы медициналық колледж атанса, 2019 жылы жоғары медициналық колледж мәртебесін иемденді.
– Біз өз шәкірттерімізді мақтаныш тұтамыз. 12 мыңнан астам маман даярладық. Біздің түлектеріміз тек өз елімізде ғана емес, әрі жақын және алыс шет елдерде де еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие болып келеді. Олар осылайша Жезқазған қаласының атын шығарып отырғанын зор мақтаныш тұтамыз. Бүгінгі таңда біздің оқу орнымыз қазіргі заманғы колледж болып табылады. Ұжымымыз еліміздің денсаулық саласын дамытуға өз үлесін қосуда, – дейді Жезқазған қаласының облыстық жоғары медициналық колледжінің директоры Меруерт Айтмағанбетқызы Молдина.
Иә, айтса-айтқандай-ақ, мұның бәрі – өткен жылдар жемісі. Жезқазған қаласының 70 жылдық тарихында медициналық мамандар ұясының өзіндік алар орны бар.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.