Былтыр «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.
«Өндірістік жарақат алудың жиілеуі өте өткір мәселе болып отыр. Үкімет 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын осы жылдың соңына дейін қабылдауға тиіс. Бұл құжат жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталуы керек» деп нақты айтты. Осыған орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәселені пысықтап, Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын бекітті. Өндірістегі жарақат алудың нөлдік деңгейін қалыптастырып, еңбеккерлердің өмірін барынша қамтамасыз етуде жұмыс беруші тарап барлық нормаларды жүзеге асыруға тиісті. Бұл ретте тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы аймақтағы өндіріс ошақтарындағы қауіпсіздікті күшейтуге және бақылауға ден қойып келеді. Кәсіподақ комитеті төрағаларының білімін жетілдіруде де ұйым арнайы семинарлар өткізіп келеді. Білім жетілдіруге арналған кезекті семинар «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалының кәсіподақ комитеттерінің төрағаларына қамти отырып өткізілді. Басты тақырып – өндірістік қауіпсіздікті бағалау.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбекті қорғау жөніндегі республикалық инситутының Қарағанды облысы бойынша директоры Ардақ Омарова семинар қатысушыларына жұмыс орындарында аттестаттау жүргізудің ережелеріне тоқталды.
Оқу барысында заманауи өндірістегі еңбекті қорғау жүйелерін дұрыс қалыптастыру, адам өміріне қауіп төндіретін жұмыс орнындағы тәуекелдерді азайту, өндірістік жарақат алуды төмендетудің әдіс-тәсілдері сөз болды. Ардақ Тілеужанқызы өз кезегінде семинарға қатысушыларға теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға баса мән берді. Ардақ Тілеужанқызы өндірістегі жарақат алу қаупін тудыратын фактілерді мұқият зерттеп, талдаудың маңызды екендігіне көңіл бөлді.
Семинар соңында «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы Уәлихан Нұржанов пен семинар тізгіншісі Ардақ Омарова қатысушыларға сертификаттар табыстады. Уәлихан Қуанышбекұлы Ардақ Тілеужанқызына пайдалы білімдермен сусындатқаны үшін алғысын білдірді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында дамыту тетігі ретінде қарастырылған өндірістік қауіпсіздікті күшейту бүгінде өзекті. Сондықтан да «КәсіпҚорған» кәсіподағы өзінің қызметкерлерінің бұл бағыттағы білім жетілдіруі Президент пәрменін жүзеге асыруда маңызға ие болатыны сөзсіз.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.