Мысты өлкенің өркендеп, дамуында өндірістің жөні де жолы да айрықша. Бүгінде мысты аймақтың ғана емес, тұтас экономиканың тетігіне айналған Жезқазған мыс қорыту зауыты қара мыс балқытқан қарт металлургтерімен мақтанады.
Өндіріс ошағының іргетасы қалануына тікелей атсалысқан ардагер Нығымет Ілиясов пен Қарсақбайдан бастау алған мамандық иесі атанған Оразалы Мейрамов сынды ақсақалдардың ақыл-кеңесі кейінгі буынға үлгі.
Қартын қазынасы деп білетін елдің бүгінгі жастары қос ардагерін айтулы мерекелерде ұмытпай, құрмет көрсетіп келеді. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Жезқазған мыс қорыту зауытының директоры Саят Әтен, аппарат жетекшісі Силар Қияқбаев «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің Басқарма төрағасы Төлеген Бүкіровпен бірге ақсақалдардың шаңырағында болып, көңілдерін демеп қайтты. Байырғы металлургтер өздерінің өмір жолдарын сөз ете келіп, мейрамда құттықтап келген інілеріне алғыстарын айтып, баталарын берді. Ардагерлерге деген құрмет олардың мәртебесін көтеріп тастады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.