Тоталитаризмнің жазықсыз құрбандарына арналған ескерткіш
1931 жылғы 1 мамырдан 1933 жылдың 1 ақпанына дейін елді аштық жайлады, жұрт атамекенін тастап жөңкіле көшті. Мыңдаған адам аштан қырылды. Бұл нәубет кінәсіз ел азаматтарын «халық жауы» деп ұстап, оққа байлаумен жалғасты. 40-жылдың басында алғаш рет сотталғандардан «Джезказганстрой» құрылыс тресі кұрылды. 1948 жылы ашылған «Степной лагерь» деп аталатын № 4 ерекше лагері Қарсақбайдан Балқашқа дейінгі аумақты алып жатты.
Міне, сол тоталитаризмнің жазықсыз құрбандарына арналған ескерткіш 1998 жылы 31 мамырда «Наурыз» бағында ашылды.
Ескерткіштің авторы – суретші О. Қазанғапов, сұңғатшы – Д. Иванов, сәулетші – К. Тұрлыбаев.
Аманкелді Иманов, Әліби Жанкелдин және көтерілісші-сарбаздарға арналған ескерткіш
Бұл ескерткіш 1982 жылы ақпанда қаладан әуежайға шығар жолдың сол жақ бетіне орнатылған. Қақталған мыстан жасалған.
Ескерткіш 1916 жылғы қазақтың Ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушыларға арналған. Бұл Ұлт-азаттық қозғалысына барлық ұлт және ұлыс өкілдері қатысты. Көтеріліс дабылы Ұлытау-Жезқазған өңіріне де жетті. Байқоңыр, Қарсақбайдың жұмысшылары, колөнер шеберлері – көтерілісшілер жазалаушы патша әскерімен айқасты, шеберханаларда қару-жарақ соғылды.
Авторлары жергілікті сұңғатшылар – Л. Б. Пак және В. Н. Андреев.
Академик Өмірхан Байқоңыровтың ескерткіші
Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің екінші ғимараты алдындағы алаңда орнатылған. Ескерткішті ашу салтанаты ғалымның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында 2002 жылы тамыздың 14 күні өтті.
Өмірхан Аймағанбетұлы Байқоңыров (1912 – 1980) Ұлытау ауданында туған. Техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ССР-і Ғылым академиясының академигі. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері. Қазақ кен-металлургия институтын бітірген соң 1941 жылдан 1952 жылға дейін Жезқазған кен басқармасында өндірісте басшылық қызметте болды. Жерлестері оны ҚазКСР Жоғарғы Кеңесіне депутат етіп сайлады. 1952 жылы Алматыға шақырылып, бұрын өзі оқыған Қазақ кен-металлургия институтының ректоры болып тағайындалды. Ғалымның еңбектері негізінен жер астында кен қазу жұмыстарын кешенді механикаландыруға, қазба жұмыстарының сейсмикалық қауіпсіздігін және тау-кен жұмыстарының физика-механикалық қасиеттерін зерттеуге арналған. Кен өндірудің техникалық-экономикалық тиімділігі жоғары кенүңгірлік жүйемен шапшаң бұрғылаудың жаңа тәсілін тауып, өндіріске енгізген.
Ескерткіш граниттен жасалған.
Авторы – суретші О. Секеманов.
Ақын Тайжан Қалмағанбетовтың ескерткіші
2004 жылғы маусымның 17 жұлдызында Халықтар достығы мен мәдениеті үйі алдындағы алаңда орнатылды.
Тайжан ақын (1879 – 1938) Ұлытаудан шыққан суырып салма ақын. Жастайынан ән-жырға, шешендік сөзге әуес болған. Ақындық атын шығарған өлеңі «Сегізден бастап сенделдім». Өз тұсында көптеген ақындармен айтысқан. К. Алтайскийдің аударуымен ақынның бірқатар шығармасы Мәскеудің «Правда», «Известия» газеттерінде жарияланған. Оның көптеген әндері кеңінен танымал.
Ақын Тайжан мыс бұлағын ағызған Қарсақбайды, болашақ Үлкен Жезқазғанды, кенді өлке адамдарын жырға қосқан. Ол республика халық ақындарының слетіне (1931 ж.), Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің он күндігіне (1936 ж.) қатысқан. Сталиндік зобалаңның құрбаны болды. Ескерткіш граниттен жасалған.
Авторы – суретші Ш. Сейткенов.