Ғазиз Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің басшылығы мен ондағы қауіпсіздік техникасы бөлімі зиянды жағдайда жұмыс істейтін жұмыскерлерге кәсіби аурулардың дамуының алдын алу мақсатында ұйым еңбеккерлерін сауықтыру бойынша бірқатар шараларды қолға алды.
Ұжымның бұл бастамасында жұмысшыларға шөптерге негізделген фитошай беру қарастырылған. Оның құрамы өте бай. Онда календула, түймедақ, эхиноцея сынды шөптердің қоспасы бар.
Сауықтырудың келесі кезеңінде «Алмаг» магнитотерапиясы, небулайзермен ингаляция жүргізу; тубус кварцымен ем-дом жүргізу көзделген. Сондай-ақ, санитарлық-ағарту жұмыстары үздіксіз жүргізілуі қолға алынған.
Бұл процедуралар пнемоканиоз, шаң бронхиті және басқа аурулардың пайда болуын жойып, денсаулықты жақсартуға және алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, суық тию маусымында иммунитетті нығайтуға негізделген.
Қазіргі уақытта ауыр өндіріс жағдайында жұмыс істейтіндер үшін тыныс алу органдарын шахта шаңынан және көмірқышқыл газынан тазартуға жағдай жасау мақсатында «тұз шахтасын» ұйымдастыру жағы қарастырылуда. Трест басшылығының ақпаратына сүйенсек, жоғарыда аталған ем шаралардан күн сайын шамамен 70-80 жұмыскер сауықтырудан өтеді.
Процедураларды трестің денсаулық сақтау бекетіндегі медициналық меңгеруші Баян Әлкенова, медбикелер Айдана Әбікенова, Төлеукүл Еденбаева, Мадина Әбеева жүзеге асырады. Жақын арада тірек-қимыл ауруларының алдын алу үшін аппараты массаж креслоларын сатып алу жоспарлануда.
Трест деңгейінде қолға алынған бұл игі бастама денсаулықтың қамқоршысына айналып келеді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.