Облыстағы экологиялық жағдайларды зерттеу жұмыстары бойынша құрылған арнайы комиссияның кезекті отырысы Жезқазған қалалық әкімдігінде өтті. Оны Ұлытау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қуат Имантүсіпов ашып, жүргізіп отырды.
Ғылыми зерттеу жұмысымен айналысып отырған «ЭКОСЕРВИС-С» ЖШС әр айда атқарылған жұмыстары жөнінде комиссия мүшелері мен аймақтың қоғамдық өкілдері алдында есеп беріп келеді. Жиын барысында ағымдағы жылдың ақпан айында атмосфералық ауаның, ауыз судың, топырақтың, өсімдіктердің, жануарлар дүниесінің, халықтың денсаулығының сапасын бағалау бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері таныстырылды. Есеп беру жиынында «ЭКОСЕРВИС-С» ЖШС Ұлытау облысындағы өкілдігінің директоры Ерлан Садуақасов Ұлытау өңірінде азот диоксиді, күкірт диоксиді бойынша нормадан ауытқулар тіркелгенін айтты.
Комиссия отырысында өсімдіктер дүниесінің, топырақ қабаттарының жағдайы, әлеуметтік-экономикалық дамуды бағалау және тұрғындардың денсаулығын зерделеу бойынша атқарылған жұмыстар да ортаға салынды. Бұл жөнінде «ЭКОСЕРВИС-С» ЖШС Ғылым және аналитикалық зерттеулер департаментінің директоры Наталья Яковлева баяндады. Оның айтуынша, облыс орталығындағы Жастар саябағы мен қалалық жағажайлардың бірқатар тұстарының және Сәтбаевтың автовокзалы мен Жезқазғандағы мыс қорыту зауыты маңайының экологиялық жағдайы көңіл бөлуді қажет етеді.
Жиынды жүргізген Ұлытау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы алда әлі ауқымды міндеттер тұрғанына, оны сапалы атқару қажеттігіне тоқталды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.