Бұл кен орны туралы әлемдік дерек көзінде (википедияда) мынандай шағын мәлімет берілген: «Балбырауын – Қазақстандағы темір кен орны. Қарағанды облысының аумағында, Қарсақбай пөселкесінің оңтүстігінде 5 шақырымда орналасқан. Қ. Сәтбаевтың басшылығымен 1931 –1949 жылдары геологиялық-барлау жұмысы жүргізілген. Жалпы қоры – 125,5 млн. тонна. Кендегі темірдің үлесі – 40%. Ашық әдіспен өндіруге болады».
Мен Балбырауын кен орны туралы бастапқыда осы ғасырдың басында Қарсақбай металлургия заводының директоры Қадір-аға Мәткеновтен естідім. Қарсақбайға қатысты әңгіме қозғала қалса әжімді өңі әрленіп, тінін тарих тереңінен тамырлатып, байыпты сөзін бабымен сабақтайтын, осы өңірдің тағдырын өз отбасындай ойлайтын ол толғандырған түйінді түйіткілді, тынымсыз тыныс-тіршілікті тілге тиек ете келіп:
– Бұл өңірдің болашағы – Балбырауын. Онда тұтасқан темір кенінің қалың қатпары жатыр. Сол ен байлықты ел игілігіне айналдыру, соған сай іргелі кәсіпорын салу Қаныш Сәтбаевтың арманы болған. Академик арманының ақиқатқа айналатын уақыты алыс емес, – деп түйіндеген.
Шыны керек, сол жолы мыстай «майшелпек» тұрғанда, үкілі үмітті қайдағы бір темірге әкеліп тірегеніне түсінбегенмін. Алайда, көңіл түкпірінде Балбырауын туралы тереңірек біле түссем деген әуестік оянған. Оны академик еңбегінен табатыныма да күмән келтірмегем. Бірақ, Балбырауынға байланысты бірегей деректі Қаныштың қаптаған еңбегінің қайсысынан табамын?
Сөйтсем, Қ.Сәтбаевтың «Қарсақбай темір кен орны тобы» деген еңбегі бар екен. Ғұлама ғалым оны 1941 жылы жазыпты. Алғаш рет 1968 жылы жарық көрген «Таңдамалы туындылары» кітабына енгізіліпті. Сонымен, шығарманың шұңғымасына сүңгіп кеттім. Ол Балбырауынға байланысты былай деп жазады:
«Табылған темір кені жүлгесінің жалпы ұзындығы 270 шақырымға тең… Ені 2-5 шақырымдай. Терісбұтақ өзенінің солтүстігі мен Білеуті өзенінің оңтүстігіндегі темір кені жүлгесі мезозой-кайнозой шөгіндісінің көлбеу жамылғысы астында жатыр. Білеуті мен Терісбұтақ аралығында ішінара барынша беріректе түзілген шөгінді астында да кездеседі».
Одан әрі темір кені жүлгесі кездесетін басқа өңірге түрен түспегенін, геологиялық-барлау жұмысы жүргізілмегенін айтады. Осы аймақтың күрт құбылмалы ауа-райына тоқталады. Гидрогеологиялық және гидрографиялық ерекшелігін қарастырады. Жер бедерін сипаттайды. Халық шаруашылығы мен өндірісте көктемгі қар суын пайдалану мүмкіндігіне назар аударады.
Жалпы геологиялық-барлау дерегіне, бұрынғы зерттеудің болжам-байламына сүйеніп ғылыми негізде жазылған көлемді әрі күрделі еңбекті қайталап айтып шығудың қажеті жоқ шығар, сірә?! Басы ашық нәрсе сол – Қарсақбай төңірегінде Балбырауын бастаған кен көзінің шоғырланғандығы. Бұл еңбектің тигізген әсері сондай, оқып шыққан соң көз алдыма тағы бір Қазақстан Магниткасының сұлбасы көлбеңдеп тұрып алды.
Осы ғасырдың басында Балбырауын әртүрлі алқалы жиында жиі ауызға алына бастады. 2004 жылы ақпанда «Қазақмыс» компаниясының басшылығы журналистерді жинап, баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Шикізат қорын нығайту мәселесіне баса назар аударылған сол жиында мынандай әңгіме айтылды:
«Қазір компания Қарсақбай аумағындағы Балбырауын темір кен орнын игеру мен өңдеу жобасын жүзеге асыруға кірісті. Оған электрлендірілген теміржол тартылады. Төтесінен тартуға мүмкіндік болуына қарамастан, тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында оның Жезді, Қарсақбай арқылы өтуі қарастырылған.
Балбырауын кен-металлургия кешенін игеру – Қаныш Сәтбаевтың арманы еді. Соны жүзеге асыратын сәт туған сыңайлы. Біздің болашақ – «Балбырауын». Оның қазір зерттелген қорының өзі 30-40 жылға жетеді. Одан өндірілген шикізатты электрмен балқытып, болат алатын уақыт та алыс емес».
Сол жылы наурызда Қарағанды облысының әкімі К.Мұхамеджанов Жезқазғанда аймақтық кеңес өткізді. Бірқатар өзекті өткір мәселе талқыланған осы алқалы басқосуда да Балбырауынға басым баға берілді. Қысқасы, ол бұрынғыдай болашақтың емес, бүгінгінің бірегей нысанына айналып отырғаны аңғарылған. Дархан даланың тусыраған төсі дүбірлеген еңбек күйіне бөленетін уақыт таяп қалғандай көрінген.
Сосын компанияның сол кездегі бас геологы Виктор Шквыряға телефон шалып, тілдескенім есімде. Қойын дәптерімде мынандай жазба қалыпты: «Балбырауын Қарсақбайдың оңтүстігінде жатыр. Анықталған қоры – 125,6 млн. тонна. Бастапқы жылдық жобалық қуаты – 3 млн. тонна кен өндіру. Бара-бара ауқымы артады. Кендегі металдың орташа үлесі 40,4%. Әлемдік өлшеммен алғанда бұл онша құнарлы шикізат емес. Дегенмен, жоқтан жақсы».
Қарсақбай төңірегінде Балбырауыннан басқа да темір кен орны бар. Соның бірі – солтүстігінде керіліп жатқан «Керегетас». «Сазтөбе» мен «Жетіқыз», тағы басқа кен орны кезегін күтіп тұр. Кезінде Қаныш Сәтбаев жасап кеткен батыл болжам бүгінде нақтыланып, іргелі іске іргетас болары анық. Бас геологпен болған екеуара әңгімеден Ұлытау өңіріндегі өмірге үлкен өзгеріс енгелі тұрғанын аңғарғандай болдым. Сол қауырт қимылдың дүбірі құлаққа келгендей…
Жезқазған аймағында геологиялық-барлау жұмысын жүргізуге 2020 жылға дейін республикалық бюджеттен 25 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінетіні туралы 2013 жылы 24 қарашада ақпарат таратқан ZAKON.KZ сайты былай деп жазды: «Қазіргі мәліметке қарағанда Балбырауын кен орнында 350 млн. тонна темір кенінің қоры бар. Бұл – Лисаковск кен орнымен пара-пар».
Сол жылы 4 желтоқсанда «Казахстанская правда» газеті қарағандылық меншікті тілшісі Наталья Рыжкованың «Болашағы зор болжам» деген мақаласын жариялады. Жезқазған аймағына республикалық бюджеттен геологиялық-барлау жұмысына 25 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінетінін тілге тиек еткен автор былай дейді:
«Экономикалық болжам бойынша, бұл аймақта мыстан басқа ірі темір қоры бар. Атап айтқанда, алдын-ала жасалған мәліметке сәйкес 350 млн. тонна темір кені шоғырланған Балбырауыннан 1,5 мыңнан астам адам жұмыс істейтін қуатты кен-байыту комбинатын ашуға болады. Қорды барлау мен бағалау Индустрия және жаңа технология министрлігінің бақылауымен жүргізіледі. Барлық жұмыс Жезқазғанды дамытудың кешенді жоспарына енгізілген».
«Қазір қолда бар нақты деректер табиғат соншалықты жомарттықпен алуан түрлі бай кенді аса мол мөлшерде бір жерге жинақтаған Жезқазған аймағын жер шарындағы санаулы бақытты өңірлердің біріне жатқызуға мүмкіндік береді» деп берік байлам жасаған Қаныштың көрегендігіне еріксіз қайран қаласың. Бәрін қолмен қойғандай көрсеткен. Бедерлі болашаққа бастайтын бүгіннің кемел келешегін кеше кестелеген, соған жеткізетін соқпақты салып кеткен. Бізге бұйырғаны – сол сүрлеумен ілгері озу.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.