Бұқаралық ақпарат құралдарының бірқатарында Қарағанды облысы тұрғындарының Қарқаралы ауданында тәртіп орнатуды сұраған бейнеүндеуі пайда болды. Айтуларынша, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС әділетсіз тендерлердің өтуіне жол берген. Атап айтқанда, «Қармыс» жекеменшік кәсіпкерлік нысаны бойынша тендерлер өткізіп, басқа компанияның мүддесін қорғаған.
«Қазақмыс» әрқашан әлеуметтік-бағдарланған компания болып табылады және солай болып қала береді. «Қазақмыс» өз мойнына алған кез-келген міндеттемелерді орындауға асқан жауапкершілікпен қарайды, заңды және барлығына бірдей шарттар негізінде отандық өндірушілерді өз кәсіпорындары бар аймақтарға тартады. Оның үстіне, компанияның сатып алу үлесі Қазақстан бойынша жыл сайын артып келеді. 2023 жылы, тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде бұл үлес 71%-ды құрап, 2022 жылғы көрсеткіштерден 11,4%-ға асып түсті.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 21 мамырдағы № 355 бұйрығымен бекітілген жер қойнауын пайдаланушылар мен олардың мердігерлерінің пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын басшылыққа алады.
Сатып алуды ұйымдастыру, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің «NADLОC» тізімі бойынша, Мемлекеттік сауда алаңында жүзеге асырылады.
Корпорация сатып алу үдерісінің жариялылығы мен ашықтығы, әлеуетті өнім берушілер арасында адал бәсекелестік, қазақстандық тауар өндірушілерін қолдау, теңдік, әділдік, әлеуетті өнім берушілерге қатысты кемсітушіліктің және бәсекелестіктің негізсіз шектеулерінің болмауы қағидаттарын ұстана отырып, барлық әлеуетті қатысушылар үшін тең құқықтар жасайды. Конкурсқа қатысушылардың барлығы Ережеде белгіленген құжаттардың толық пакетін ұсынуға міндетті.
«Қармыс» ЖК № 355 Ереженің 41-тармағының 13-тармақшасына сәйкес, құжаттардың толық пакетін ұсынбауының салдарынан конкурстық өтінімдері қабылданбады. Осылайша, бұл өнім беруші конкурстық құжаттаманы ұсынудағы құқық бұзушылықтарға байланысты конкурсқа жіберілмейді.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС баспасөз қызметі.