Былтырғы жылы мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментіне азаматтардан 30-ға жуық арыз-шағым түскен. Азаматтар негізінен мемлекеттік органдар тарапынан өтініштерінің дұрыс қаралмауына, мемлекеттік қызметке іріктеу конкурстар рәсімдерінің және тәртіптік жаза қолдану кезінде қолданыстағы заңнама талаптарының сақталмауына, мемлекеттік қызметшілермен әдеп кодексі нормаларының бұзылуына қатысты шағымданған.
Мәселен, конкурсқа қатысушы үміткер мемлекеттік органдағы мемлекеттік қызметке іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның заңсыз іс-әрекеттеріне байланысты Департаментке шағымданған. Тексеріс барысында бос орынға қатысушы үміткерді конкурстық комиссия дұрыс бағаламай, нәтижесінде бос лауазымға орналасуға негізсіз бас тартылған.
Департаменттің жедел ден қою шараларының нәтижесінде конкурстық комиссияның шешімі заңсыз деп танылып, кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылып, шағым иесінің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделері қалпына келтірілді.
Департамент өткен жылы азаматтардың арыз-шағымдары мен өзге де негіздер бойынша 8 бақылау шараларын өткізіп, нәтижесінде мемлекеттік органдардың қызметінде 400-ден аса заң бұзушылықты анықтады. Заңға қайшы тәртіптік жазаға тартылған 2 мемлекеттік қызметшіге қатысты шығарылған актінің күші жойылды. Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау бағытында да Департаментпен біршама жүйелі жұмыстар атқарылды.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмысқа заңсыз тартудың алдын алу мақсатында мемлекеттік органдардағы жұмыс уақыты режиміне тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Өткен жылы жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша 46 мемлекеттік қызметшіге тынығу сағаттары, 31 қызметшіге заңсыз үстеме жұмысқа тартылғандары үшін 1 104 196 теңге мөлшерінде төлемақы төленді. Биылғы жылы қаңтар, ақпан айларында жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша 4 мемлекеттік қызметшіге 4 сағат 23 минут тынығу сағаттары берілді.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.