Балалар поэзиясында өзіндік жол мен қолтаңбасын қалыптастыруға ұмтылып жүрген балалар ақыны Ернұр Сейдахмет өңірдің жыр сүйер қауымына кеңінен танымал.
Е. Сейдахмет – бала мінезінің аңғалдығын, қиялының ұшқырлығын дөп басатын «Қашан үлкен боламын?», «Күлші, қане, балақай», «Тентек доп» кітаптарының авторы, 2007 жылы республикалық «Астана-Бәйтерек» байқауының 3-орын иегері, 2012 жылы «Кім ақылды, кім зерек?» атты өлеңдер топтамасымен «Дарабоз» бәйгесінде жүлделі 3-орын иегері, 2013 жылы балалар ақын-жазушыларының республикалық «Балауса» бәйгесінде «Еңбек шынықтырады» өлеңдер топтамасымен 3-орын жүлдегері.
Жезқазған қаласындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен «Келбет» жобасы аясында балалар ақыны Ернұр Сейдахметтің «Балаларға бақыт сыйлаған» атты кездесу кеші өтті. Аталмыш іс-шараға Ернұрдың оқып, білім-алған №13 мектебінің 6 «Ә» сынып оқушылары қатысты.
Ернұр Сейдахмет балаларға арнап көптеген өлеңдер жазды. Қай өлеңін алып қарасақ та, бала мінезін, іс-қылығын айнытпай көрсете алған ақын. Өлеңдері жас оқырмандарды қызықтырады. Оның кітаптарынан әр түрлі тақырыпта өлең де, аудармалар да, жұмбақтар мен жаңылтпаштарды да табуға болады.
Кеш барысында кітапханашылар ақынның «Тентек доп», «Қашан үлкен боламын», «Күлші, қане, балақай» атты кітаптарын оқырмандарға таныстырды.
Ернұр оқушыларға өзі жайында қысқаша айта келіп, олардың қойған сұрақтарына жауап берді, оқушыларға өзінің ақ жарма тілектері мен лебіздерін білдірді.
Өндіріс пен өлеңді қатар алып жүрген ақынға кездесу соңында кітапханашылар шығармашылық табыс тілей отырып, Алғыс хат табыс етті.
Жанель Досетова,
балалар мен жасөспірімдер
кітапханасының кітапханашысы.