Өткен ғасырда тарих бетінде таңбаланып қалған қанды қасаптың бірі – Ауған жеріндегі соғыс. Қаншама жас әскер қатарында жүріп, Ауғанстанды басқыншылардан қорғауда опат болды, қаншама жас еліне мүгедек болып оралды.
Олар үшін бұл соғыс жүрекке түскен қара дақ болып қалды. Бұл қырғыннан қазақ жастары да тыс қалмады. Ауғанстан шекарасына кіргізілген Кеңес әскері 10 жылдан аса уақыт табандылық танытты.
Биыл Кеңес әскерінің аталған елден шығарылғанына 35 жыл толды. 15 ақпанда майдандас достарын еске алып, өздеріне көрсетілер құрметті шексіз сезінетін Ауған соғысының ардагерлерін ардақтар шаралары Жезқазған, Сәтбаев қалаларында ұйымдастырылды.
Облыс орталығындағы Серке Қожамқұлов атындағы театрда өткен жиында тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы Уәлихан Нұржанов жауынгеринтернационалистерге ыстық ықыласын білдірді. «Қазақмыстың» түрлі құрылымдарында еңбек етіп жүрген ардагерлерді марапаттады.
Қос қалада өткен жиындарда Ардагерлердің омырауына кәсіподақтың арнайы тағайындаған «Еңбек озаты», «Кәсіподақтың Құрметті қайраткері» төсбелгілері тағылды. Сондай-ақ, кәсіподақтың ұйытқы болуымен Сәтбаев қаласындағы «Royal Roze» мейрамханасында ардагерлерге арналып дастарқан жайылды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.