1 наурыздан бастап мерзімді әскери қызметке шақыру басталады. Тепсе темір үзетін, дені сау 18-27 жас аралығындағы жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті.
Үстіміздегі жылы Ұлытау облысынан 600-ден астам азаматты әскерге аттандыру жоспарланған. Осы 600-ді жасақтау үшін 18 – 27 жас аралығындағы облыс азаматтарын медициналық сараптамадан өткізіп, жіті бағалап, жарамдысын Отан алдындағы борышын өтеуге жөнелтпек. Бірінші кезекте азаматтар шекара қызметінің әскери бөлімдеріне, одан кейін Қарулы Күштердің әскери бөлімдеріне, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға қабылданады.
– Заңға сәйкес 1 наурыздан бастап әскерге Ұлытау облысынан азаматтарды жібереміз. Медициналық тексерістен өтеді, білімдері, отбасылық жағдайы есепке алынады, – дейді Ұлытау облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Ербол Өткелбаев.
Мемлекет жігіттерімізге «қаласаң да, қалмасаң да барасың» деп міндеттеп отырған жоқ. Егер отбасылық жағдайы келмесе, темірдей қатты әскери тәртіп те борышкердің мүмкіндіктерін ескереді. Айта кетейік, әскери борышын өтеп келген азаматтар жоғары оқу орнына жеңілдікпен түседі. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар несиесін төлеу міндетінен уақытша босатылады. Сондай-ақ олар өздері қаласа, армия қатарынан нақты мамандық алып шығады.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.