Жезқазғанның «қала» атануының «толғағы» қатты болғанға ұқсайды. Жезқазған аудандық атқару комитеті 1954 жылы 15 сәуірде Қарағанды облыстық атқару комитетіне бесінші мәрте Кеңгір кентіне «қала» мәртебесін беру туралы хатпен шыққасын, сол жылы 20 желтоқсанда ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Кеңгір және Рудник кенттерін «Жазқазған қаласы» деп атау жөнінде Жарлық шығарыпты.
Қос кенттің негізінде тұсауы кесілген қалада бастапқыда 30 мың адам болды. Жезқазған облысының орталығы болған кезеңде 140 мыңға дейін адам тұрды. Қазір 92 931 тұрғыны бар.
- Жер жақұты – Жезқала
Ашық дереккөзге сүйенсек, қазіргі кен орнында энеолит (неолит пен қола дәуірі аралығындағы археологиялық кезең, б.д.б. 5-6 мыңжылдық) заманында сақтар кен өндіріп, мыс пен қола балқытқан. Энеолитте тұңғыш таза мыс табылды, одан әртүрлі әшекей бұйым мен еңбек құралы жасалды. Ежелгі кен қазушылар жер қойнауынан 2 миллион тоннадан аса жоғары сапалы мыс кенін шығарғаны туралы дерек те бар.
Иә, төскейін төрт түлік жайлаған Арқаның қойнауы да тұнып тұрған табиғи байлық. Бұл – ел ырысы! Тіпті әлемде осмий кездесетін үш жердің біреуі – осы өңір. Ендеше кен құрамынан Менделеевтің таблицасындағы элементтің барлығы дерлік табылатын Жезқазғанды «жер жақұты» десек, қандай жарасымды?!
Жалпы Жезқазған мыс кен орны туралы тұңғыш дерек 1771 жылы барон Траубенбергтің қырғыз-қайсақ даласына жасаған экспедициясына қатысқан капитан Николай Рычковтың жазбаларында кездеседі. Ол өзінің күнделігінде былай деп жазады: «Ұлытаудың айналасында сол елді мекендеген байырғы тұрғындар қазған көптеген мыс кен орындары, сондай-ақ, алтын мен күміс кендерінің белгілері де табылды».
Траубенберг экспедициясының қорытындысы қатты қызығушылық тудырғаны сондай, Жезқазған жағына көптеген зерттеушілер ат басын бұрды. Орыс көпесі Ушаков алғаш мыс кәсіпшілігін ашып, 1847 жылы кен орнын ресми тіркетті. 1904 жылы ағылшындардың «Атбасар мыс кені» акционерлік қоғамына концессияға берілді. Қазан төңкерісі капиталистер қолындағы ел игілігін өз иесіне қайтарды. Жезқазған екпінді құрылыс алаңына айналды.
Қырқыншы жылдардың басындағы қанды қырғын құрылысты қысқартып, майдан үшін соғыс жағдайына бейімделуді күн тәртібіне қойды. Жезқазғандықтар барлық күш-жігерін өнім шығаруды еселеуге бағыттады. Кен өндіру айтарлықтай артты. Ұлы Отан соғысы жылдарында жанқиярлық еңбегі үшін Мемлекеттік қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл туы 16 рет тапсырылып, ол комбинатқа мәңгілікке қалдырылды.
***
Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғасын Жезқазғанның кешенді дамуы жаңа қарқынға ие болды. Соғыстан кейінгі он жылда 6 шахта салынды, 108 мың шаршы метр тұрғын үй, Мәдениет сарайы, 4 орта мектеп, 8 балабақша, бірнеше аурухана мен дүкен, нан заводы, 100 шақырым теміржол, 150 мың шаршы метр бетонды жол, 215 шақырым су және кәріз құбыры, темір-бетон өнімдері заводы мен екі асфальт-бетон заводы пайдалануға берілді. Үлкен Жезқазған адам танымастай өзгерді.
Білім мен мәдениет саласы дамыды. Алғашқылар қатарында теледидар көрді. Дене тәрбиесі мен спортты дамытуға ерекше мән берілді. Үш стадион жұмыс істеді. «Горняк», «Металлург», «Еңбек» футбол командалары бірнеше рет республика чемпионы атанды, екінші лигада жүлделі орындар иеленді. 1973 жылы жаңадан құрылған Жезқазған облысының орталығы болды. Мыс балқыту заводының құрылысы аяқталып, №3 байыту фабрикасы салынды, жаңа алып шахталар іске қосылды.
Қазір қала экономикасының негізі – өнеркәсіп, жалпы аймақтық өнімдегі оның үлесі – 60%. Жалпы аймақтық өнімді жан басына шаққанда орталығы Жезқазған қаласы болып табылатын Ұлытау облысы төртінші орында, әр адамға 3,4 млн. теңгеден келеді. Бұл – орташа республикалық көрсеткіштен 29,6% артық. Ал, «Қазақмыс» компаниясының кәсіпорындары аймақтағы өнеркәсіп өндірісінің 72 процентін құрайды.
Бүгінгі Жезқазған – Қазақстандағы тарихи, мәдени және қазба байлығы жағынан да маңызды өңірдің бірі. Менделеев кестесіндегі элементтің бәрі кездесетін шаһардың тұрған жері де қасиетті. Сәулеттік өнер ескерткіштері мен әрбір бұрышы қала тарихы жайлы сыр шертеді. Ресей, Украина, Венгрия, Литва, Израиль және басқа елдер елшілігі саяси қуғын-сүргіннің сұмдығын еске салатын шағын обелиск орнатқан.
Жезқазған саф алтындай сары мысы ғана емес, ғарыш айлағы ретінде де әлемге әйгілі. Онда ғарыш тарихының 59 мемориалдық белгісі сақталған. Олар көше
атауында, паннода, монументалдық ескерткіште, тіпті жол белгісінде де бар. «Союз-11» экипажының қайғылы қазасынан кейін сәтті қонған ғарышкерлер қалада көшет отырғызуды дәстүрге айналдырды. Әрбір ағаштың жанына отырғызылған күні көрсетілген тақта орнатылды.
Сөйтіп, «Ғарышкерлер бақжолы» пайда болды. Бірінші болып «Союз-12» ғарышкерлері Василий Лазарев пен Олег Макаров көшет отырғызды. 2010 жылы ғарышкер Геннадий Падалка мен астронавт Пегги Уитсон қарағай екті. Қалада ғарышты бағындырушыларға арналған ескерткіш және халық арасында «тікен» аталып кеткен ғарыш стелласы сақталған. Бүгінде ол Жезқазғанның визит карточкасы іспетті. 56 ғарышкер «Жезқазған қаласының құрметті азаматы» атанған.
Қазақтың дархан даласының кеңдігіне көз жеткізгің келсе Жезқазғанға кел. Ұлан-ғайыр кеңістік көкжиекпен ұштасқан. Ал, қаланың әрбір бұрышы тұнған тағылымды тарих. 2022 жылы Жезқазған облыс орталығы мәртебесін қайтарды. Бұл қаланың жаңғыруы, тарихында жаңа белес басталды дегенді білдіреді. Тұжырымдамаға сәйкес Жезқазған 2037 жылға қарай 145 мың тұрғыны бар жаңа экономикалық және туристік орталыққа айналады. Жаңадан 700 гектар жер игеру жоспарланып отыр.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Сурет әлеужеліден алынды.
“
1961 жылы көктемде Жезқазғанда КСР Ғылым Академиясының, республика Геология және жер байлығын қорғау министрлігінің, Қарағанды халық шаруашылығы кеңесінің және Жезқазған кен-металлургия комбинатының біріккен сессиясы болды. Онда өңірді өркендету мәселесі талқыланды».
“
1999 жылы сәуірде қалада академик Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнатылды.
Осы елеулі оқиғаға орай Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті ҚР Білім және ғылым министірлігі, Қарағанды облыстық және Жезқазған қалалық әкімдіктері, «Қазақмыс» корпорациясымен бірлесіп «Қазақстанда инженерлік істің қалыптасуы мен дамуына академик Қ. Сәтбаевтың қосқан үлесі» деген тақырыпта ғылыми-техникалық конференция өткізді.