Қуанышты хабар Жезқазғанға Жаңа жылға екі-үш күн қалғанда келіп жетті. «Досжан Жанботаев Мемлекеттік степендияның иегері атаныпты», – десіп жатты бір-бірімен қуанышты бөліскендер. Қазақстанның халық артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Досжан ЖАНБОТАЕВТЫ алғаш болып құттықтаған, әрине, Серке Қожамқұлов атындағы музыкалық драма театрының ұжымы болды. Әріптестері: «Жезқазған түгілі Қарағанды облысында Мемлекеттік стипендияны бұрын-соңды ешкім алмаған еді, міне, біздің Досжан Әбдірәлімұлы соған ие болды», – деп мақтанды.
– Доске, өзіңізге Мемлекеттік стипендия тағайындалатынына алдын-ала хабардар болып па едіңіз?
– Түк білгенім жоқ. 28 желтоқсан күні болатын. Үйде отырғанмын. Театрымыздың директоры Досхан Сәкенұлы телефон шалып, құттықтады. Күтпеген жерден тосын оқиға болды. Әрине, қуанышта шек жоқ…
– Бұл енді өнер саласындағы еңбегіңіздің бағалануы ғой…
– Азды-көпті еңбегіңнің еленгеніне не жетсін! Соны елеп-ескергендерге рахмет. Жаңа айттым ғой, ештеңесінен хабарым болған жоқ. Мүмкін ұжымымыз жоғары жақтан сұраған шығар. Облыстық мәдениет басқармасы одан әрі ұсыныс берген шығар. Мәдениет министрлігі оны қолдаған шығар. Қазіргі ойым ғой бұл. Мұның мәнісін енді біліп жатырмыз, негізінен Мемлекеттік стипендия ел Президентінің Жарлығымен шығармашылықпен айналысатындарға тағайындалады екен ғой. Маған беріледі-ау деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті… Көп ортасынан оза шауып бәйге алдым дей алмаймын. Бәрі ұжымымның арқасы. Шалғайда жүрсе де театрымыздың қол жеткізген жетістігінің, шығармашылық бітім-болмысымен танылуының арқасы екені анық. Айтқандай, осы биыл біз үшін мерейтой. Театрымыздың ашылғанына 50 жыл толмақ. Бұл Мемлекеттік стипендия сол мерейтойға орайлас берілетін сый-сияпаттың бірі ме деп те ойлаймын.
– Алғаш құрылғанынан бас-тап елу жыл бойы осы театрмен біте қайнасып келе жатырсыз…
– Иә. Театрды ашқан – Өзбекәлі Жәнібеков. Торғай обкомының хатшысы болып тұрғанда ол кісі Мәскеудегі Щепкин атындағы жоғары театр училищесін бітіргелі тұрған бізді Арқалыққа шақырды. Торғай облысы 1988 жылы жабылғанда тайлы-таяғымыз қалмай, тіпті тігіншілерімізге дейін Жезқазғанға көшіп келуімізге қамқорлық көрсеткен де қоғам қайраткері, ұлттық өнеріміздің нағыз жанашыры Өзбекәлі ағамыз деп білеміз. Кейін Жезқазған облысы жабылғаннан кейін бірқатар әріптестерім кетіп қалғанда да жылы орнымды суытпадым. Сосын да ғой маған кейін арнап айтылған «Ұлытаудың арғы беті мен бергі беті сізге дән риза шығар» деген сөздің көп арасына тарап кеткені. Жезқазған халқына дән ризамын. Туған жерімде жүрсем, мүмкін, дәл осындай құрмет-қошеметке бөленбес те едім…
– Досжан Әбдірәлімұлы, соңғы жылдары киноактер ретінде де танылдыңыз. Неше киноға түстіңіз?
– Басында санап жүруші едім, қазір дәл санын айта алмаймын. Жалпылай айтсам, жиырмаға жуықтап қалды. Кинодағы алғашқы жолым осыдан жеті-сегіз жыл бұрын басталды. «Біздің ағай» атты көркем фильм. Кинорежиссер Мұрат Бидосовтың шақыруымен түстім. Былтыр «Жамбыл» көркем фильміне қатыстым. Шәкен Айманов елуінші жылдары кинодағы Жамбыл образын сомдаған екен. Сондай бақыт маған бұйырыпты. Мұны тағдыр сыйы деп білемін.
– Болашақта қандай киноларға түсу ойыңызда бар?
– Ол жағын айта алмаймын. Оны кино түсірушілер біледі. Шақыру, образға сай келетін актер таңдау олардың шаруасы. Алдымен сценарийін жіберуге тиіс. Туындының айтар ойы салмақты, тәрбиелік мән-мағынасы қомақты болса ғана келісемін. Жалпы бұл жалғыз менің ғана емес, біздің ұжымның қағидасы… Театрдың маусымдық репертуарын сұрыптағанда да осы жағына баса назар аударамыз. Бір сөзбен айтқанда, әрбір көркем туынды рухани тәрбие құралы болуға тиіс.
– Доске, сізге Мемлекеттік стипендия тағайындалғанда кино өнеріндегі еңбегіңіз де ескерілген бе?
– Мүмкін. Жалпы мен өзімді «жас» актер санаймын. Киноға түсудің қыр-сырын меңгерудің өзіндік талап-талғамы бар. Кинокамера алдында жұмыс істеуге машықтануың керек. Сөзін әкеп берген сәтте образыңа кіріп кетуің керек… Міне, елу жыл сахнада келе жатсам да әр қойылым алдында бірінші рет шығып тұрғандай күй кешемін. Кинода да солай.
– Сіздің ойыңызша спектакльдер мен кинотуындылар оқиғалар желісінің тартымдылығымен бе, әлде салиқалы ой түюге жетелеуімен құнды ма?
– Менің ойымша, бұл көркем дүниелердің тәрбиелік мәні өмір болмысын қаз-қалпында бейнелей білуінде. Өнер тілімен жақсылық пен жамандықты ажырата білуді жеткізе алудың әсері ерекше. Қарапайым тілмен айтар болсақ, өмірде алдыңнан сан сұрақ туындар еді. Біз әр образ арқылы соларға жауап іздер едік, ой-талғамдарға барар едік, іс-әрекет жасар едік. Көрермен сол кейіпкерлерімізбен бірге күлсе күліп, бірге толғанса, бірге мұңайса – өнердің құдіреттілігі сонда. Ондай туындыларды жазу драматургтердің қалам қарымына қатысты. Жақсы жазылған шығармалардың тәрбиелік мәні де зор болмақ.
Ал сондай туындыларды замандастарымыздың, әсіресе жастарымыздың театрға келіп көруі немесе фильмдерді бастан-аяқ тамаша-
лауға ынта қоюы – бөлек мәселе. Бүгінгі жастар кітап, газет-журнал оқудан да ада дегенді жиі естиміз. Бұл рухани жұтаңдыққа апарып соға ма деп алаңдаймын. Заман ағымына сай сана-сезіміміз бен дүниетанымымызды айшықтайтын –
осы көркем өнер. Біз осы мақсат жолында қызмет етіп жүрміз деп білемін. Рухани жаңғыру өзекті мәселе болып қала бермек.
– Доске, бүгінгі сұхбаттасуымыздың мақсаты өнер жолындағы жаңа қуанышыңызға ортақтасу еді. Газетіміздің қалың оқырмандары атынан Мемлекеттік стипендияға ие болуыңызбен құттықтаймыз. Өнер жолында елеулі жетістіктерге жете беруіңізге тілектеспіз.
Сұхбаттасқан
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.