Ұлытау облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының қолдауымен өткен «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасының» грант жеңімпазы облыс орталығынан тігін студиясын ашты.
Студия 8 тігін машинкасы, бу генераторы, киімге кесте тігу мен түйме орнатуға арналған арнайы пресс машинкасы секілді жаңа әрі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Дәл қазіргі уақытта бес адамды жұмыспен қамтуға қауқарымыз бар дейді жас кәсіпкер.
– Тігінмен айналысқаныма төрт жыл болды. Басында үйде тігін тігіп бастадым. Карантин уақытында тігін тіктім. Содан кейін үйге сыймағаннан кейін осылай бизнесімді үлкейтуге бел будым. Грантқа қатыстым. Құрал-жабдықтарды Алматы қаласынан, осындай құрал-жабдықтарды сататын жерден, әрдайым бір адамнан ғана аламын. Сапасы жағынан уайымдамаймын. Ол кісі егер ішінде брак шықса ауыстырып береді. Гарантиясы бар, – дейді грант иегері, жас кәсіпкер Салтанат Сейілбекова.
Қыркүйек айында өткен іріктеу нәтижесінде облыс көлемінде 32 кәсіпкер 5 миллионға дейінгі гранттарды иеленген. Іріктеу тыңдалымы онлайн форматта, ZOOM платформасы арқылы өткен.
– Бұл облыс әкімінің қаулысымен бекітілген. Әрқашан да кәсіпкерлік, өнеркәсіп басқармасы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында осындай гранттарды өткізуеді. Мұндай шара алдымыздағы жылы да жоспарлануда. Жаз айында өтеді, – дейді Ұлытау облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының сауда бөлімінің басшысы Аңсархан Алпысбай.
Алдағы өтетін грантқа қатысу үшін қандай да бір кеңес қажет болса «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына және Ұлытау облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына жүгінуге болады. Облысымыздың кәсіпкерлерін қолдауға әрқашан да дайынбыз дейді жауапты мамандар.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.