Өңірлік кәсіпкерлер палатасының базасында өңірлік кеңес отырысы өтті. Кеңесте өзекті деген 5 мәселе кеңінен талқыланды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Азат Исенов 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында салықтық тексеруге түскен шағын және орта бизнес субъектілері бойынша баяндама жасады. Ол жоспарлы және жоспардан тыс тексерулерге және құпия ақпарат болып табылмайтын өлшемшарттар бойынша тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану ережелеріне тоқталды.
– Бұл өлшем қандай да бір нақты салық төлеуші әрекетінің жүргізілуіне әсер етуі мүмкін тәуекелдердің нақты тізбегін қадағалайды. Өткен жылы біздің аймақ бойынша біз белгілі бір тәуекелге ұшыраған 8 салық төлеушіні тексердік, – деді Азат Исенов өз сөзінде.
Кеңесте сондай-ақ, Ұлытау облысының шағын және орта бизнес субъектілері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің 2024 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту және өңірлік кәсіпкерлер палатасы қызметінің 2023 жылға арналған басым бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндамалар тыңдалды.
Жалпы, кәсіпкерлер палатасының жұмысы екі бағытта құрылуда: бизнесті құқықтық қорғау және салалық даму. Кәсіпкерліктің жүйелі және жеке мәселелерін шешуде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес ерекше назарда. Бизнесті қорғау шеңберінде жалпы сомасы 220 миллион теңгеден астам кәсіпкерлердің мүліктік құқықтары қорғалған.
– Жиырма өңірлік кәсіпкерлер палатасы арасында штат бойынша ең кіші және үш облыста жаңадан құрылған палата болсақ та көрсеткіштеріміз жаман емес. Кейбір позиция арқылы біз алдыңғы қатардамыз, – деді кеңесте сөз алған Ұлытау облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасы Гүлмира Қаженова.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін облыста алғаш рет алпыстан аса кәсіпкер қатысқан «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсы өткізілген болатын. Фина-
листер қатарында біздің өңіріміздің кәсіпкері де бар. «Алтын сапа» Президенттік байқауы аясында «ULY DALA» ЖШС «Іскер» сыйлығын иемденді.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.