18 бен 27 жас аралығындағы денсауылығы жарамды азаматтар Отан алдындағы борышын өтеу үшін міндетті әскер қатарына шақырылады. Осыған орай әр жылдың 10 қаңтарынан және 10 қыркүйегінен бастап барлық өңірлерде мерзімдік әскери қызметке алдын ала зерделеу басталады. Осы зерделеуден өткен азаматтар қалалық және аудандық комиссияға ұсынылады.
2023 жылы Ұлытау облысының қорғаныс істері департаментіне қойылған талап 100 пайызға орындалған. Көктем мен күздік шақыртуды қосқанда облысымыздан 600-ден астам жас сарбаз қазіргі таңда Отан алдындағы борышын өтеуде. Биыл да әскери міндетін өтейтін жерлестеріміздің саны арта түседі деген сенім зор. 10 қаңтардан бастап өңірде кәмелеттік жасқа толған азаматтарды мерзімдік әскери қызметке алдын ала зерделеу жүріп жатыр. Олардың қатары қалың.
Алдын ала сараптаудан өтіп жатқан жастарға патриоттық рух берумен қатар, оларға жасалынатын жеңілдіктер мен мүмкіндіктерді айтып жеткізу де назардан тыс қалып жатқан жоқ.
– Қазақстан Республикасының қарулы күштерінде мерзімдік қызметін өткеріп келген балаларға қазіргі уақытта көптеген мүмкіндіктер, жағдайлар жасалып жатыр. Мәселен, әскер қатарынан келген жастың жоғары оқу орнына емтихансыз түсуіне, өзін жақсы жағынан көрсеткен сарбаздар сол әскери бөлімнің басшысының атынан қолында жақсы деген мінездемесі болса, мемлекеттік грантқа түсуіне мүмкіндігі бар. Біз комиссияға шақырылған жастарға осы мүмкіндіктерді де айтып, түсіндіріп отырамыз, – дейді Ұлытау облысы қорғаныс істері департаментінің мерзімді әскери қызметке әскерге шақыру бөлімінің бастығы Тимур Сабитов.
Орайы келгенде айта кетейік, өзінің әскери міндетін орындаудан себепсіз жалтарған азаматтар заңды түрде жауапқа тартылады.
– Комиссиялық зерделеу жұмыстары уақытында әкімшіліктің қаулысына сәйкес әрбір қала мен аудандарда учаскелік инспекторлар жұмыс істейтін болады. Жергілікті әскери органдардың шақыруына келмеген азаматтарды іздестіруге сол кісілер бөлінеді. Сол кісілерге тізімін береміз. Сол кісілер жалтарып жүрген балаларды іздестіру және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, – дейді мерзімді әскери қызметке әскерге шақыру бөлімінің бастығы.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.