Жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы байланысты қалыптастырып, олардың мәселелерін тиісті деңгейде шешіп отыратын тетіктің бірі – кәсіподақ. Бүгінгі таңда тау-кен, металлургия және аралас өндірісте еңбек ететін мыңдаған еңбеккердің қорғанышына айналған «КәсіпҚорған» кәсіподағы құрылғаннан бері өзінің стратегиялық бағдарламасы шеңберінде мүшелеріне құқықтық, әлеуметтік-материалдық қолдау көрсетіп келеді.
Он екі жылға таяу қызметінде «КәсіпҚорған» кәсіподағы тиісті деңгейде өз құзыретіндегі қызметтерді атқарып келеді. Жүйелі жұмысы қалыптасқан кәсіподақтың былтырғы жылы атқарған шаруалары да қомақты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне өндірісте жарақатына байланысты зиян шеккен азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалып, олардың тиісті деңгейде медициналық көмекке қол жеткізуіне ықпал ететін тетіктерді қарастыруды ұсынды. Көптен бері ел арасында шешілмей келе жатқан бұл мәселенің ұшы да шыға бастады. «КәсіпҚорған» кәсіподағына жүгінген мыңдаған байырғы өндіріс жұмысшыларының жанайқайы құзырлы органдарға жетті. Ауыр өндіріс жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлем қарастыру жөніндегі бастамаға да кәсіподақтың ықпалы бары анық.
Түйткілді мәселелерден бөлек, «КәсіпҚорған» кәсіподағы 2023 жылға межеленген мақсат-міндеттерін толық еңсерді. Бұл жөнінде тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы Уәлихан Нұржанов Қарағанды қаласында өткен ұйымның жылдық есеп беру жиынында атап өтті.
– Біз өзіміздің құзыретіміздің шеңберіндегі жұмыстарды тиісті деңгейде атқардық. Еңбек жағдайын бақылау, жұмыс орнындағы техника қауіпсіздігіне қайшы дүниелерді анықтау, жұмысшыларды арнайы қорғаныш заттарымен, киіммен қамту, тамақтану, әкімшілік-тұрмыстық кешендегі ахуалдың жақсаруына ықпал ету сынды шаруаларды әр өңірдегі филиалдардың құрамындағы бастауыш кәсіподақ комитеттері жүзеге асырды. Техникалық инспекторлардың жұмысын жандандыру да өз деңгейінде жүрді. Жұмысшыларға әлеуметтік-материалдық қолдаудан да кәсіподақтың мүшелері сырт қалып отырған жоқ. Еңбегіне қарай салалық марапаттарға ұсыну арқылы «КәсіпҚорған кәсіподағы былтырғы жылы да мыңдаған жұмысшының еңбегіне құрмет көрсетті.
Бізге сенім артқан елу алты мың еңбеккердің сенімін ақтау үлкен жауапкершілік екенін ұмытпауымыз керек. Атқарылған жұмыстардың легін биылғы жылы да лайықты түрде жалғастыруға тиістіміз, – деген төраға 2024 жылғы ұйымның алға қойып отырған жоспарларын кеңінен баяндады.
– «КәсіпҚорған» кәсіподағының сан салалы бағыттарын одан әрі дамыту үшін 2024 жылдан бастап арнайы мобильді қосымша мен сайтты іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл қосымшалардың тиімділігін мүшелер арасында кеңінен насихаттау жұмысын жүргізуіміз керек. Коммерциялық кәсіпорындармен келісе отырып, кәсіподақ мүшелерінің дисконттық карта арқылы сауда-саттық жасауына мүмкіндікті қарастырамыз. Дәстүрге сай еліміздегі шипажайлармен жұмысты жалғастыра отырып, еңбеккерлердің денсаулығын нығайтуға баса көңіл бөлінуі тиіс. Әлеуметтік серіктестер болып табылатын «Қазақмыс Холдинг» ЖШС мен «Транко» АҚ басшылығымен бұған дейін бекітілген еңбеккерлердің шипажайға төленетін ақысын қайтару жөніндегі жоба мен өзге де әлеуметтік жеңілдіктерді қайта қарауды көздеп отырмыз.
«Қазақмыс Барлау» ЖШС-мен 2024 – 2026 жылдарға арналған ұжымдық келісімге келуіміз керек. Сонымен қатар, бірлескен жобалар мен қаулыға сәйкес жұмысшыларға арналған әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізулері үшін «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС және өзге де жұмыс берушілер мен жұмысшы арасындағы 2020 – 2024 жылғы ұжымдық келісімшартқа қосымша келісімді реттеу міндеті тұр. Тоқсан сайын Келісім комиссиясының құрамындағы кәсіподақ қызметкерлерін «Заманауи қоғамды зерттеу институты» ЖШС директоры, экономика ғылымдарының докторы Қажкен Мейрамды тара отырып, арнайы оқу өткізуді жоспарға енгізіп отырмыз.
Мемлекетті және кәсіби мерекелерге орай өндірістің әр буынындағы озаттарды салалық марапаттарға ұсыну бойынша квота көлемін анықтауды жүзеге асыруымыз керек. Біздің басты тетігіміз өндірістік қауіпсіздік екенін түсінікті. Сондықтан «Қоғамдық инспектор жөніндегі Ереже» мен «Өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі Нұсқама» жарыққа шығуы тиіс.
Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай қызықты да әрі ой саларлық мазмұндағы байқауларды ұйымдастыруды осы бастан қолға алған жөн. Соның ішінде көрмелер, сурет байқауы, семинар-кеңестер, тәжірибе алмасу өндірістік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталуына баса мән берген жөн. 2023 жылдың қорытындысы бойынша филиал есепшілеріне кеңес өткізу көзделсін. Кәсіподақтың ревизиялық-бақылау комиссиясымен бірлесіп, ұйымның қаржылық-шаруашылық қызметіне тексеру жүргізілсін. Көмір өндірісі, тау-кен, металлургия кешені, көлік, теміржол және энергетика салалары бойынша салалық келісімді талқылау жобасына қатысудың ұсынысы дайындалуы керек.
Кәсіподақты құраушы мүшелерді марапаттай отырып, олардың төл мерекелері болсын, мемлекеттік мереке болсын, айшықты іс-шараларды өткізуді қаперден шығармауымыз керек.
Кәсіподақтың әр өңірдегі филиалы бекітілген жоспарға сай жұмысты одан әрі ширата түсуі керек. Өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау бағытындағы қоғамдық бақылауды ұйымдастыра отырып, жұмыс орындарында еңбеккерлерге қолайлы жағдай жасауға мүдделіміз. Арнайы қорғаныш жабдықтарымен қамту мен өндіріс нысандарындағы тұрмыстық кешеннің де хал-ахуалын үнемі назарда ұстауымыз керек. Еңбек жағдайы бойынша жұмыс орындарында аттестациялау, қайта аттестациялау сынды жұмыстарда кәсіподақ комитетінің төрағалары қатысуы – міндетті.
Сонымен қатар, қорғаныш заттарының жаңа үлгісін сынақтан өткізуде де кәсіподақ тыс қалмауы тиіс. Тағы бір атап өтетін жайт, өндіріс ошақтарында еңбеккерлердің, әсіресе кәсіподақ мүшелерінің моральдық-психологиялық ахуалына талдау жүргізілуі тиіс. Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың қызметін кәсіподақ мүшесі ретінде Өндірістік кеңесте жұмыстарын жүйелі түрде көрсете білуіміз керек. Ол үшін жұмыс берушімен бірге инспекторларға арнайы оқуды қолға алуды жоспарлап отырмыз.
2024 жылға арналған даму жоспарында көзделген міндеттер – баршамыздың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, атқаратын шаруамыз. Бастысы – сенімге селкеу түспеуі. «КәсіпҚорған» кәсіподағын алда ауқымды істер күтіп тұрғанын естен шығармаған жөн, – деп жиынды қорытындылады төраға.
Алқалы жиында бас қосқан кәсіподақтың Орталық аппарат мүшелері мен өңірлердегі филиал төрағалары «КәсіпҚорған» кәсіподағының 2024 жылға бекітілген даму жоспарын қолдап, өздерінің ойларын ортаға салды. Есеп беру жиынының күн тәртібінде қаралған мәселелер өз шешімін тапты.
Бүгінгі таңда елу алты мыңға жуық мүшесі бар, өзінің даму жоспары қалыптақсан «КәсіпҚорған» кәсіподағы еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мен әлеуметтік тұрғыдан қолдауда да 2024 жылы қыруар шаруа атқаруға бел буып отыр. Айта кетейік, «КәсіпҚорған» кәсіподағының 2024 жылға бекітілген даму жоспары 67 іс-шараны ұйымдастырып, өткізуді көздейді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.