Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Өңір басшысының қабылдауына алдын ала 4 азамат жазылған.
Әкімнің қабылдауына алғашқы болып кірген Сәтбаев қаласының тұрғыны Меруерт Кулибекова «Ұлытау» футбол академиясының балаларын жабық түрде жаттықтыратын залмен қамтамасыз етуді сұрай келген. Өзінің баласы осы академия сапында доп тебеді екен.
Берік ӘБдіғалиұлы облыс әкімдігінің академияның жұмысына араласпайтынын айтты. «Бізден қаражат алды, өз тарапымыздан барлық жағдайды жасадық. Егер өздері бізге шығып жатса, спорт басқармасы арқылы шешуге тырысамыз мәселені», – деді өңір басшысы.
Қабылдауға келген екінші тұрғын – Ұлытау ауданы, Ақтас кентінен келген көп балалы ана Марал Ибраева. Жуырда жолдасынан айрылып қалған ол, баспана мәселесі бойынша өтінішін жеткізді. Әлеуметтік санат бойынша кезегі келгенше әкімдік бұл отбасын жатақханаға орналастыратын болды. Қабылдауға кірген өзге тұрғындардың мәселесі де тиісінше жауапты сала мамандарына жүктелді.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.