Жаңа жыл басталғалы әлеуметтік желілерде қызмет көрсету орындарының мобильді төлем түрлерінен (картамен төлеу, QR-төлем және мобильді аударым) бас тартып, қолма-қол ақша төлеуді сұрап жатқандары жайла әңгіме өрби бастады. Осыған орай біз мәселенің мәнісін анықтап, себебін білген едік.
Жалпы, үстіміздегі жылдан бастап мобильді аударылымдар бақылауға алынатын болды. Мұны әркім әр түрлі қабылдап жатыр. Біреулер дұрыс десе, енді бір топ «бұл азаматтық құқығымызды бұғақтау» деген уәж айтуда. Қалай болғанда да, жаңа талап елді бір дүрліктірді. Әсіресе, кейбір кәсіпкерлер қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тартып жатыр. Бұл қаншалықты заңды?
Мемлекеттік кірістер органдары таратқан ақпаратқа сүйенсек, «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес, банк картасымен, QR төлемімен немесе қолма-қол ақшамен төлеу сияқты түрлі төлем тәсілдері қарастырылған (25-бап).
Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері орын алған жағдайда тұтынушы тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына жүгінуі қажет.
«Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады және тұтынушылардың құқықтарын бұзады. Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту жасалады, ал қайталап бұзған жағдайда 147 680 теңге (40 АЕК) көлемінде айыппұл салынады (ӘҚБтК-нің 194-бабы)», – дейді құзырлы саланың мамандары.
Хоош. Әңгімеміздің басында мобильді аударымдар бақылауға алынатынын айттық. Бұл не үшін қажет? Енді соған тоқтала кетейік. Құзырлы орындар таратқан ақпаратқа сүйенер болсақ, мобильді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған. Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауарлар немесе қызметтер үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алады. Алайда, бұл аударымдар кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Тиісінше, чектер берілмейді және тұтынушылардың құқықтары бұзылады.
Айта кету керек, мемлекет барлық мобильді аудармаларды тексермейді. Тек әртүрлі тұлғалардан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударымдар алған тұлғалар ғана, яғни, кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда тексеру жүргізіледі.
Осы орайда «туыстар мен достарға ақша аудару жайы қалай болады?» деген де заңды сұрақ туындайды. Құзырлы сала мамандарының айтуынша, бұған қатысты ешқандай шектеу жоқ. Жеке тұлғалар бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін туыстарына, достарына, ата-аналарына, балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға байланысты мобильді аударымдар жасай да, қабылдай да алады.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.