Бұдан он жыл бұрын «Жезқазған – Бейнеу» теміржолы тартылып, Қабанбай батыр елді мекені іргесінен өтетін телімі іске қосылды. «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы өзі салған екі басты 40 коттедждің отызын Жезқазған қаласы билігінің балансына беріп, оның өзіне қалдырғанда маман тапшылығын жоюды көздегені анық. Бірақ…
Ұлттық компания басшылығы Жезқазғанда тұрып жұмыс істеуге жан-жақтан білікті мамандар шақырғанда, олардың отбасы үшін қолайлы тұрмыстық жағдай жасалатынына сендірді. Солай болды да. 20 отбасы жаңа коттеджде қоныс тойын жасап, қуанышқа кенелді. Бірақ, сол қуаныш қазір су сепкендей басылған. Берілген уәде орындалмай, он жылға ұласуы осы «бірақтан» басталады.
Сырттан жұмысқа шақырылған мамандармен арадағы шартқа сәйкес Жезқазғанға қоныс аударғандары қызметтік баспананы еңбек өтіліне қарай құнының белгілі бір бөлігін төлеп, кейін сатып алуға құқылы болды. Ол үшін бұрынғы тұрған жеріндегі жылжымайтын мүлкін сатып кетуі керек еді. Жылдар өте келе теміржолшылар тығырыққа тірелді. Уәде орындалмады, ауызша және жазбаша өтініш аяқсыз қалды.
Бір ғажабы, бұл коттедж кешенінде әлі күнге дейін нақты мекенжай жоқ. Тұрғындардың қолында жұмыс берушімен арада жасалған жалға беру жөніндегі келісім-шарт қана бар. Он коттедж «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясына қарасты Қарағанды магистральдық желілер бөлімшесінің балансында. Маман тапшылығы мәселесі толық шешілмеген. Мына былықты білсе, Жезқазғанға кім келеді?
Сорақысы сол, коттедж балансына берілген қарағандылық бөлімше он жылдан бері аумақты күтіп ұстау үшін коммуналдық қызметтермен келісім-шарт жасамаған. Оның зардабын тұрғындар тартып отыр. Жұмыс берушімен арадағы жалға беру келісім-шартына сәйкес олар қоршау аумағындағы коммуналдық ақауды өздері жөнге келтіруі керек.
Шын мәнінде, шарбақ сыртындағы су құбырын да жамап-жасқап жүргені. Ал, ақаудан аяқ алып жүргісіз. 100мм орнына көлемі екі есе кем (50мм) суық су құбыры тартылса, шаруа қайдан оңады? Судың қысымы төмендігі өз алдына, құбыр төсеудің технологиясы сақталмағандықтан, ауыр салмаққа шыдамай жиі жарылады.
Кәріз жүйесі де келіспей тұр. Қалалық орталық жүйеге қосылмаған. Келіп тұрған газдан да құр қалатын түрі бар. Отырған баспанасының құжаты болмаса, жабдықтаушымен келісім-шартты қалай жасасын?! Күнделікті күйбең тірлікте көлденең кездесетін кедергі көп. Бәрі жылжымайтын мүлікті жекешелендіріп, құжатын туралауға тіреліп тұр.
Бірнеше жыл иесіз тұрған, былтыр көктемде жергілікті биліктің балансына берілген отыз коттедждің де оңып тұрғаны шамалы. Бұл – басқа мақалаға «тұздық» болатын тақырып.
Әлібек ӘБДІРАШ.
Суретті түсірген автор.