Ұлытау облысына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов бастаған депутаттар тобы келді.
Мәжіліс спикерінің Жезқазғандағы жұмыс жоспары облыс активімен, Ардагерлер кеңесінің мүшелерімен, облыстық мәслихат депутаттары және жұртшылықпен жүздесуден басталды. Кездесулерде Президент реформаларының іске асырылу барысы талқыланып, жас облыста жүзеге асырылып жатқан жобалар айтылды.
– Бірнеше күн бұрын Президент қабылдауында болдым. Мемлекет басшысы өңірлердің дамуына баса мән беріп отыр. Президенттің шешімімен қайта жаңғырған Ұлытаудың өңір үшін ғана емес, ұлтымыз үшін де орны бөлек. Осыған орай Президент облыс басшылығына өңірде бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандар мен жаңа тұрғын үйлер салу туралы тапсырма берді. Оны орындау – бәріміз үшін басты міндет. Депутаттар бұл жұмысты қадағалап, барлық жоспарланған жобалардың жүзеге асуына жан-жақты ықпал ететін болады, – деді Мәжіліс төрағасы.
Ұлытау облысына тартылған инвестиция ауқымы 171,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 45 млрд-қа өскен. Құрылыс жұмыстарының көлемі 85,6 млрд теңге болса, пайдалануға берілген тұрғын үй нысандары 67 мың шаршы метрді құраған. Мұның бәрі жаңа облыстағы жарқын істердің көрсеткіші. Сондай-ақ, Мәжіліс спикері 2022 жылы Президенттің бастамасымен еліміздегі алғашқы Ұлттық құрылтай отырысы да ұлт ұясы – Ұлытауда өткеніне назар аударды.
– Ұлытау өңірінің тарихи және рухани орны бөлек. Алтын орданың негізін қалаған Жошы хан да осында жерленген. Ел Президенті кешегі сұхбатында биыл Жошы ұлысының 800 жылдығы атап өтілетініне арнайы тоқталды. Бұл – өңір үшін ғана емес, қазақ мемлекеттілігінің терең тарихын зерделеу үшін де маңызы зор іс-шара, – деді Ерлан Қошанов.
Ерлан Қошанов бастаған топ сапар барысында Жезқазған байыту фабрикасында болып, Сәтбаев қаласындағы «Анненский» кенішіне түсті. Депутаттар жұмысшылармен және кеншілермен мемлекет тарапынан олардың әлеуметтік қолдауын жақсарту туралы мәселелерді талқылады.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.